Украина билігі Ақ үйге президент Владимир Зеленскийдің генерал Валерий Залужныйды Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босату туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Соғыс жағдайындағы кадрлық ауыс-түйістер аясында бұл шешімнің едәуір салдары болмақ, деп жазды мәселеден хабары бар екі дереккөзге сүйенген Washington Post басылымы.
Washington Post-тың жазуынша, Ақ үй өкілдері бұл егемен ел президентінің құқығы екенін мойындайды, сондықтан шешімді қолдайтынын я қолдамайтынын білдірмеген.
Зеленский әзірге Залужныйды қызметінен босату туралы жарлықты жариялаған жоқ және қашан жариялайтыны да белгісіз. Алайда Washington Post-тың жазуынша, Киевтің Залужный туралы шешім жөнінде Ай үйге алдын ала ескертуі Украинаны әскери-саяси жағынан қолдау жағынан АҚШ-тың ықпалды екендігінен хабар береді.
Алдын ала ескерту Ақ үйге сонымен бірге Зеленскийді өте маңызды шешімді қайта қарауға үндеуге де мүмкіндік береді.
Елдегі танымал тұлғалардың бірі Залужныйдың қызметтен кетуі украин әскерінің моральдық көңіл-күйіне кері әсер етуі ықтимал және Украина әскері Ресей армиясына тойтарыс беретіндігіне қатысты батыс донорларының күмән-күдігін күшейтуі мүмкін, деп жазды басылым.
Дегенмен АҚШ-тың Зеленский шешіміне қарсы кез келген қадамы асыра ықпал ету ретінде бағалануы мүмкін.