Accessibility links

Башқұртстанда Фаил Алсыновты қолдау акциясына қатысқан 34 адам қамауға алынды


Полиция мен жұрт арасындағы қақтығыс. Баймақ, Башқұртстан 17 қаңтар 2024 жыл.
Полиция мен жұрт арасындағы қақтығыс. Баймақ, Башқұртстан 17 қаңтар 2024 жыл.

Башқұртстанда сотталған экобелсенді Фаил Алсыновты қолдау акциясына қатысқаны үшін кемінде 34 адам қамауға алынды. Бұл жөнінде "ОВД-Инфо" жазды.

Барлығына "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылды. Төртеуіне оған қоса, "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", 13 адамға "билік өкіліне күш қолданды" деген айып тақты. Қамалған 15 адамның жас мөлшері белгілі: бесеуі – 18-30 жаста, сегізі – 31 бен 50 жаста, екеуі 51-70 жаста.

"ОВД-Инфо" жазуынша, тағылған айыптың мәні бұлыңғыр. Құқық қорғау жобасы авдокатының айтуынша, қамалғандардың көбіне "полицейлерге қар лақтырды" деген айып таққан.

15-31 қаңтар аралығында Башқұртстан сотына "полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау", инфрақұрылымның жұмысына кедергі келтірген "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру" баптары бойынша 163 іс келіп түскен. 158-і қаралып, 67 іс бойынша тағайындалған жаза түрі белгілі. Адамдардың көбіне әкімшілік қамау берілген.

Жоғарыда аталған әкімшілік баптарда қамау жазасы қарастырылған. Қамау кезінде адамдарға қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін: нақты жағдайда кемінде 20 адамға іс қозғалған. Басында олар "полиция қызметкеріне бағынбау" және "тәртіпсіздік" баптары бойынша әкімшілік қамауға алынған.

Башқұртстанда жаппай наразылық қаңтардың ортасында экобелсенді Фаил Алсыновқа үкім шығар кезде тұтанған. Ресейде тыйым салынған "Башқұрт" ұйымының бұрынғы жетекшісі Фаил Алсынов сол кезде төрт жыл түрмеге кесілген еді. Оған "алауыздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылды.

Алсынов аймақта пайдалы қазбаларды игеруге қарсылық білдірген жергілікті танымал белсенді. Оған қозғалған "алауыздықты қоздыру" бойынша істі Башқұртстан тұрғындары "тапсырыс" деп санайды және істі ашуға аймақ басшысы Радий Хабировтың өзі түрткі болған деп есептейді.

XS
SM
MD
LG