Accessibility links

Қостанайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы пикетке "Ата-аналар одағының" өкілі кедергі жасады


Әнел Әлиғазина әйелдер құқығын талап етіп, пикет өткізіп тұр. Қостанай, 4 ақпан 2024 жыл.
Әнел Әлиғазина әйелдер құқығын талап етіп, пикет өткізіп тұр. Қостанай, 4 ақпан 2024 жыл.

4 ақпанда Қостанайда қала тұрғыны Әнел Әлиғазина Жеңіс саябағында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы және әйел құқығын қорғауды талап еткен пикет өткізді. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтіп, қылмыстық баппен жазалауды, қылмыс құрбандарын қорғауды талап етті. Шара барысында Ирина атты әйел пикеттің өтуіне кедергі жасады. Оның қолында "Мен феминизмге қарсымын" деген жазуы бар плакат болды. Бұл жөнінде "Наша газета" жазды.

Жексенбі күні Әнел Әлиғазина "Жаңа Қазақстан әйелдерге әлі де қауіпсіз емес. Марш болсын" деген жазуы бар плакатпен паркте жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол ақпарат құралдарына жергілікті билік әйелдерге шеру өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтқан. Бұған қоса, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұрғанын, отбасындағы әлімжеттікті қылмыстық баппен жазалау керектігін айтқан. Осы кезде бір әйел Әлиғазинаның сөзін қайта-қайта бөліп, пикетке кедергі жасады. Пикетті ұйымдастырушылар оны "Қазақстанның ата-аналар одағының" өкілі деп атады.

Әнел Әлиғазина ұзақ уақыттан бері әкімдікке өтініш түсіріп жүріп, осы пикетті өткізуге рұқсат алғанын айтып, одақ өкіліне пикетке кедергі жасамауын сұрады. Алайда әйел адам "феминистердің митингісінде әдетте ЛГБТ өкілдерінің құндылықтары насихатталатынын" айтты. Бірақ ол "бұл пикеттің ЛГБТ-ға қатысы қанша?" деген сұраққа жауап бере алмады.

Бір күн бұрын да Алматыда "ҚазФем" қозғалысының белсендісі Вероника Фонованың жалғыз адамдық пикетіне белгісіз ер адам кедергі жасағысы келген. Белсенді 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат беруді талап еткен.

Бұған дейін феминистер әкімдік шеруге рұқсат етпесе, жалғыз адамдық пикеттер өткізетінін мәлімдеген. Алғашқы пикетті 2 ақпанда белсенді Лия Берген өткізген.

1 ақпан күнгі баспасөз жиынында әйел құқығын қорғаумен айналысатын ұйым белсенділері Алматы әкімдігі 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, жергілікті билік белсенділерге бейбіт жиынға бөлінген орындарда "мәдени шара өтеді", "шеру қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген себептерді алға тартып, рұқсат бермеген.

Былтыр феминистер "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген негізге келіспей, әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған.

  • Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті әкімдікке алдын ала ескертуі тиіс. Бірақ билік көбіне түрлі себеппен бейбіт митингілерге рұқсат бере бермейді. Рұқсат етпеген митингіге шыққандар 10-15 күнге қамалуы я айыппұл төлейді.
  • Былтыр жыл соңында Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту мәселесі қайта талқылана бастады. Нүкенованың қазасына оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті ретінде қамауға алынған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тұрмыстық-зорлық зомбылықты "фемицид" деп танып, қылмыстық жаза тағайындауды талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG