Accessibility links

АҚШ сенаты Украина мен Израильге көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады


АҚШ сенаты Украина мен Израильге 118 миллиард доллар қосымша қаржы көмегін беру туралы екі партия ұсынған заң жобасын және АҚШ-тың оңтүстік шекарасын нығайту туралы заң жобасын мақұлдады.

Былтыр қазан айынан бері жалғасып келе жатқан "ұлттық қауіпсіздікке байланысты қосымша қаржыландыру туралы" дауға нүкте қоятын компромистік мәтін АҚШ сенатының сайтына шыққан.

Заң жобасы бойынша, сенаторлар 60 миллиард долларды Украинаны қолдауға, 14 миллиардты Израильге көмекке, 20 миллиардтан астам долларды АҚШ-тың Мексикамен шекарасын қауіпсіздендіруге, шамамен бес миллиардты АҚШ-тың Тынық мұхит аймағындағы серіктерін қаржыландыруға, екі жарым миллиардқа жуық долларды "Қызыл теңіздегі" операцияны қолдауға, тағы да сондай қаржыны АҚШ-тың Орталық қолбасшылығына бөлуді жоспарлаған.

АҚШ президенті Джо Байден конгресстен Украина, Израиль және Тайваньға көмек беруге және АҚШ-тың оңтүстік шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге былтыр қазан айында қаржы сұраған. Алайда әлі күнге шешім қабылданбаған еді. Республикашылдар мен демократтар негізінен Мексикамен арадағы шекараны нығайту мәселесіне келісе алмаған. Республикашылдар АҚШ-тың көші-қон саясатын қатайтуды талап етіп, онысын Украинаға қосымша көмек туралы кез келген талқы кезінде алға тартқан болатын.

Украинаны қолдау бойынша жаңа бюджеттің келісілмеуіне байланысты АҚШ-тың кейінгі кездері Киевке беретін әскери көмегі біршама қысқарған.

АҚШ президенті конгрестен заң жобасын тезірек қабылдауды сұраған. Бұл жолы сенат келісіміне байланысты пікір айтқан Байден "Украинаны қолдау АҚШ-тың қауіпсіздік мүддесіне сай келетінін" тағы да мәлімдеді. Ол егер "Украина билігіне бақылау орнатуға ұмтылысын бүгін тоқтатпаса, Путиннің Украинамен ғана шектелмейтінін, ондай жағдайда АҚШ-тың шығыны өсе түсетінін" сөз еткен.

Бұған дейін өкілдер палатасының төрағасы Майк Джонсон сенаторлар әзірлеген заң жобасы палатадан өтпейтінін мәлімдеген. Бұл заңға АҚШ-тың бұрынғы президенті, биыл қарашадағы президент сайлауына Республикалық партия атынан түсуі мүмкін Дональд Трамп та қарсы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG