Accessibility links

Шымкентегі шенеунік “сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген қаржыны жымқырды” деген күдікке ілінді


Шымкент қаласының прокуратурасы. 5 ақпан. 2024 жыл.
Шымкент қаласының прокуратурасы. 5 ақпан. 2024 жыл.

5 ақпанда Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азат Момынов “қаладағы тұрғын үйлердің жер сілкінісі кезінде сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге бөлінген бюджет ақшасын жымқырды” деген күдікпен ұсталды.

Қала прокурорының орынбасары Ержан Мараттың сөзінше, 2023 жылы қаладағы 200-ден аса тұрғын үйдің жер сілкінісі кезінде сейсмикалық тұрақтылығын егжей-тегжейлі тексеріп, сараптамадан өткізу үшін бюджеттен 200 млн теңге шамасында ақша бөлінген. Ақшаны мемлекеттік сатып алу порталы арқылы “Building City Group" және «Құрылыс-строй HC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір көзден сатып алу тәсілімен заңсыз жеңіп алған. Екі серіктестік те сараптаманы келісімшартқа сай жүргізбеген. Алдын ала тергеу нәтижесінде бұл іске қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған Азат Момыновтың қатысы бары анықталған.

Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Момынов қылмыстық кодекстің “Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу” бабымен (189-бап) күдікке ілінгенін мәлімдеді. Ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бюджеттің 120 млн теңгесіне залал келтірді деген күдікпен қамалған.

Қала прокурорының орынбасары Ержан Марат бұл іс бойынша Момыновпен бірге тағы бір адам ұсталғанын жеткізді. Бірақ оның кім екенін атамады.

25 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деген. Жиыннан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексеру жүргізуге тапсырма алған.

Шымкентте де ғимараттардың зілзалаға дайындығына бөлінген қаржының игерілуі тексеріле бастаған.

Биыл 23 қаңтарда түнде Алматыда 5 балл жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан. Кейбірі жылы киім киіп те үлгермеген. Жер дүмпуінен қорыққан халық қаладан шығып кетуге тырысып, көшелерде кептеліс болды. Халық жер сілкінісі кезінде әкімдік пен төтенше жағдай департаментінен ерте ескерту келмегенін, дабыл қағылмағанын айтып, билік жұмысына сын айтқан. Алматылықтар жер сілкінісінен кейін екі сағаттай уақыт өткенде ғана хабарлама алған. Кіндігі Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған жер сілкінісі Шымкентте қатты білінбеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG