Accessibility links

Швейцарияда Тоқаев пен оның ұлына қатысы бар қор жойылатыны туралы хабар тарады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Швейцарияда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның ұлы Тимур Тоқаевпен байланысы бар Fondation pour une Diplomatie Innovante (фр. Инновациялық дипломатия қоры – ред.) қоры жойылады деген ақпарат тарады.

Қордың жойылу алдында тұрғанын Швейцария әділет министрлігі 2024 жылдың 23 қаңтарында жариялаған Suisse Official Gazette of Commerce хабарынан көруге болады. Бұл ресурс түрлі ресми ақпаратты жариялайды. Жарияланым нөмірі – HR02-1005942150.

Бұл құжатқа қарағанда, биыл 11 қаңтарда сот қорды банкрот деп таныған.

Аталған ресурста осы қорға байланысты үш ақпарат бар. 2024 жылғы 17 қаңтарда жарияланған материалда (нөмірі – KK01-0000035235) Fondation pour une Diplomatie Innovante банкрот процедурасын бастайтынын хабарлаған.

Suisse Official Gazette of Commerce ақпаратында алғашқы мәлімет 2013 жылғы 8 мамырда шыққан деп көрсетіп тұр. Онда Женевада Fondation pour une Diplomatie Innovante құрылатыны айтылған. Қордың мақсаты – "мемлекетаралық саяси қатынастар практикасы мен ғылымды халықтар достығына пайдаланатын дипломатияны дамыту".

Қор кеңесінің мүшесі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев (қор президенті) пен оның ұлы Тимур Тоқаев және Швейцария дипломаты Луциус Васеша (кейін қайтыс болған) көрсетілген.

Инновациялық дипломатия қоры туралы 2022 жылы қаңтарда "Важные истории" жобасы "Елбасы емес. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың байлығы" дейтін зерттеуінде жазған. Онда Қазақстан президенті мен оның туыстарының АҚШ-тағы, Еуропадағы, оның ішінде Швейцариядағы "мүлкі" сипатталған кезде қордың аты аталып: "Қордың немен айналысатыны белгісіз, сайты ешқашан жұмыс істемеген, ал қордың твиттері төрт жылдан бері жаңармаған және БҰҰ жаңалықтарын жай ғана көшіріп басқан" деп жазылған.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2011 жылдың наурызынан 2013 жылдың қазанына дейін БҰҰ-ның Женевадағы бөлімін басқарып, бас хатшының орынбасары қызметін атқарған. 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан парламенті сенатының төрағасы болып Қазақстанға оралған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG