Accessibility links

Тоқаев үкімет мүшелерін тағайындады. Министрлердің көбі қызметінде қалды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда жаңа премьер-министр тағайындалған соң президент жарлығымен министрлер кабинеті жасақталды. Министрлер тағайындалған жайлы жарлықтар Ақорда сайтында жарияланды.

Төтенше жағдайлар министрлігіне Шыңғыс Арынов тағайындалды. Ал 2023 жылдың маусымынан бұл қызметті атқарған Сырым Шәріпханов министрліктен кетті. 23 қаңтарға қараған түні Алматыда жер сілкінісінен соң президент Тоқаев Шәріпхановтың жұмысына сын айтқан еді.

Арынов президент күзеті басшысы – мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары болған. Оның төтенше жағдайлар саласында жұмыс тәжірибесі жайлы ашық дереккөздерде ақпарат жоқ.

Денсаулық сақтау министрі болып медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Әлназарова тағайындалды. Ол 2020 жылы тамыздан бері Қызылорда облысы атынан сенат депутаты болған еді. 2015-2019 жылдары Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарған.

2022 жылдың қаңтарынан бері денсаулық сақтау министрі болған Ажар Ғиният қызметінен босатылды.

Ерұлан Жамаубаевтың орнына Мәди Тәкиев қаржы министрі болып тағайындалды. 2023 жылы наурызда Тәкиев "Аманат" партиясы атынан мәжіліс депутаты болған еді. Оның алдында үш жыл жыл бойы президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімін басқарған.

Жамаубаев 2020 жылдың мамырынан қаржы министрі болып келген.

Ал Нұрлан Байбазаров ұлттық экономика министрлігінің басына келді.

Ашық дереккөздерге сай, Байбазаров 2016-2022 жылдың қарашасына дейін Байбазаров "Өнеркәсіпті дамыту қорын", 2022 жылдың қарашасы-2023 жылдың қазанында "Қазақстанның даму банкін" басқарған. 2023 жылдың қазанынан бері "Бәйтерек" холдингінің басшысы болған.

Байбазаров 2022 жылдың қаңтарынан бері ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыровтың орнына келді.

Ал мына министрлер бұрынғы қызметтеріне қайта тағайындалды:

  • Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
  • Мұрат Нұртілеу – премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі;
  • Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары;
  • Тамара Дүйсенова – премьер-министрдің орынбасары;
  • Руслан Жақсылықов – қорғаныс министрі;
  • Ержан Саденов – ішкі істер министрі;
  • Азамат Есқараев – әділет министрі;
  • Алмасадам Сәтқалиев – энергетика министрі;
  • Ғани Бейсембаев – оқу-ағарту министрі;
  • Айдарбек Сапаров – ауыл шаруашылығы министрі;
  • Бағдат Мусин – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
  • Ерлан Нысанбаев – экология және табиғи ресурстар министрі;
  • Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – аппарат жетекшісі.
  • Саясат Нұрбек – ғылым және жоғары білім министрі.
  • Алмасадам Сәтқалиев – энергетика министрі.
  • Аида Балаева – мәдениет және ақпарат министрі.
  • Ермек Маржықпаев – туризм және спорт министрі.
  • Марат Қарабаев - көлік министрі.
  • Светлана Жақыпова - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
  • Айбек Дәдебаев – президент әкімшілігінің жетекшісі.
  • Қанат Шарлапаев - құрылыс және өнеркәсіп министрі.
  • Арман Шаққалиев - сауда және интеграция министрі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG