Accessibility links

Илон Маск Такер Карлсонға Путинмен сұхбатының таралуына кедергі жасамауға уәде берген


Fox телеарнасының бұрынғы жүргізушісі Такер Карлсон
Fox телеарнасының бұрынғы жүргізушісі Такер Карлсон

Х желісінің иесі Илон Маск америкалық журналист Такер Карлсонға Ресей президенті Владимир Путинмен сұхбатының видеосын бұғаттамауға уәде берді. Бұл жөнінде Карлсон сұхбат туралы хабарландыру видеосында баяндайды.

Карлсон — Х желісінде авторлық бағдарламасын бастаған Fox телеарнасының бұрынғы жүргізушісі. Ол Путиннен сұхбат алу үшін ақпан айының басында Мәскеуге келген. Ол– Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Владимир Путиннен сұхбат алатын алғашқы журналист.

Журналистің сапары туралы кремльшіл басылымдар мен блогерлер белсенді түрде ақпарат таратып жатыр. Карлсон сапарының шығынын өз қалтасынан төлегенін айтады.

"Біз бұл жерге Владимир Путинді жақсы көргендіктен емес, АҚШ-ты жақсы көргендіктен келдік" деді Украинадағы соғыс бойынша тараптардың барлығына микрофон ұсынғысы келетінін айтқан журналист. Ол Украина басшысы Владимир Зеленскийге де сұхбат жөнінде өтініш білдірген.

Видеода Карлсон Путинмен сөйлескенін немесе сөйлеспегенін нақты айтпайды. Кремль оның мәлімдемесіне түсініктеме берген жоқ. "Эхо Москвы" сайтының бұрынғы бас редакторы Алексей Венедиктов 7 ақпанда әлеуметтік желіде дереккөзге сүйенбей сұхбат әлі өтпегенін жазды.

  • Twitter-ді сатып алып, ізінше оның атын X деп өзгерткен Илон Маск ресейлік мемлекеттік құрылымдардың аккаунттарын бұғаттамайтынын мәлімдеген. Ол мұны сөз бостандығын қорғау ұмтылысы деп түсіндірген.
  • 2022 жылы қазанда америкалық саясаттанушы Ян Бреммер Илон Маск Владимир Путинмен Украинадағы соғысты аяқтау мүмкіндіктері жөнінде сөйлескенін хабарлаған. Маск басқыншылық басталғалы бері Ресей президентімен сөйлеспегенін айтып, ақпаратты терістеген.
XS
SM
MD
LG