Бүгін, 7 ақпанда Әзербайжан кезектен тыс президентті сайлайды. Оған оппозиция қатысудан бас тартқан. Сарапшылар қазіргі президент Илхам Әлиевтің "жеңісіне" күмәнданбайды.
Президент сайлауы заң бойынша 2025 жылы өтуге тиіс болған, алайда Таулы Қарабақ аумағын өзіне қайтарып, танымалдығы артқан Әлиев оны биыл өткізуді ұйғарған. Бұған қоса, 2024 жылы қарашада Әзербайжанда БҰҰ-ның климаттық саммиті өтеді. Соның арқасында Әзербайжанға әлем назары тағы ауады дейді сарапшылар.
Ильхам Әлиев әкесі Гейдар Әлиев өлерден екі ай бұрын, 2003 жылы президент болып сайланған. Кейін ел конституциясынан "бір адам екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды" деген конституция бабы алынып тасталды. Одан кейін президент өкілеті мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзарды. Ильхам Әлиев 2008, 2013, 2018 жылдары президент қызметіне қайта сайланған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау миссиясы бұл сайлауларды "демократия стандарттарына сай емес" деп бағалаған.
Илхам Әлиев режимі тұсында елде саяси пікірталасты шектейтін заңдар қабылданды – оппозиционерлер мен тәуелсіз журналистер қамалды.
Әлиевтен бөлек, бюллетенде тағы алты кандидат бар – кейбірі Әлиевті жұрт алдында мақтаған. Сарапшылар кандидаттар арасында Әлиевтің шынайы оппоненті жоғын алға тартады. Елдегі екі негізгі оппозициялық партия – "Мусават" және "Әзербайжанның халық майданы" партиялары сайлауға қатысудан бас тартқан. "Мусават" жетекшісі сайлаудың әділ өтетіндігіне сенімсіздік білдіріп, бойкот жариялаған.
"Көп журналист пен саяси белсенді түрмеде отыр. Елде 200-ден астам саяси тұтқын бар. Сайлау туралы заңнамада ірі олқылықтар бар, ал сайлау комиссиясы биліктің ықпалында" деді Ариф Гаджилы Associated Press агенттігіне.
Сайлау Таулы Қарабақта да өтеді. Былтыр күзде сол аймақтан жүздеген мыңнан астам армян баспаналарын тастап, қашып кеткен. Өзін республика жариялаған Таулы Қарабақтың бұрынғы басшыларын Әзербайжан билігі ұстаған.
ПІКІРЛЕР