Accessibility links

Израиль ХАМАС тұтқынға алған 31 адамның қаза болғанын растады


Израиль қорғаныс армиясы ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) 7 қазан күнгі шабуыл кезінде тұтқынға алған 200-ден астам адамның 31-і қаза болғанын растады.

Осыған дейін Израиль билігі Газа секторында ХАМАС 130-дан астам адамды тірідей кепілдікте ұстап отыр деп болжаған. Енді олардың жүзге жуығы ғана тірі екені белгілі болып отыр.

Израиль барлау қызметінің құпия құжаттарына сүйенген The New York Times басылымы да кемінде 30 адам қаза болғанын жазды. Кейбірі ХАМАС Израильге шабуылдаған кезде өлтірілген, ізінше сүйектері Газа секторына жеткізілген. Олардың өлімі расталмағандықтан тұтқынға алынған азаматтардың тізіміне енгізілген. Тұтқындардың кейбірі алған жарақаттан өлген немесе тұтқын кезінде жиһадшылардың қолынан қаза болған.

Бұған дейін үш тұтқынды Израиль әскері Газа секторына әскери операция кезінде қателесіп өлтіріп қойғаны жөнінде хабар тараған.

Кей мәліметке қарағанда, тағы кемінде 20 тұтқын мерт болған болуы мүмкін.

Осыған дейін The Wall Sreet Journal басылымы Израиль жағының мәліметіне сүйене отырып, ХАМАС ұстаған шамамен 50 адам тірі болмауы мүмкін деп жазған. АҚШ пен Египет өкілдерінің тұтқындарды талқылаған келіссөзінде де осы сан айтылған.

Егер Израиль жағының мәліметі дұрыс болса, қазір ХАМАС тұтқынға алған шамамен 80 адам ғана тірі қалған болып шығады. Қаза болғандардың ешқайсысының денесі әзірге жақындарына берілмеген. Тұтқындарды босату және қаза болғандардың сүйегін қайтару – Газа секторында атысты тоқтату туралы келіссөз шарттарының бірі.

Газа секторында соғыс 7 қазанда басталған. Ол кезде ХАМАС содырлары Израильге шабуыл жасап, соның салдарынан AFP мәліметінше шамамен Израильде 1140 адам өлген. Басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. ХАМАС шамамен 250 адамды кепілдікке алған.

Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан елде кемінде 26 мың адам өлген, басым бөлігі – әйелдер мен балалар.

Былтыр қараша айында Израиль мен ХАМАС атысты бірнеше күнге тоқтатуға келіскен. Сол кезде Израиль түрмедегі палестиналықтарды босатып, 130 азаматын тұтқыннан қайтара алған.

XS
SM
MD
LG