Accessibility links

Қарағандыда Назарбаев даңғылының атын өзгертуді талап еткісі келген 8 адамға билік пикет өткізуге рұқсат бермеді


Қарағандыда бір топ адам қаланың түрлі бөлігінде бір күнде пикет өткізуге өтініш беріп, ешқайсысы рұқсат ала алмады. Олар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына Бейбітшілік бульвары деген бұрынғы атауын қайтаруды талап еткісі келген. Көше 2019 жылға дейін солай аталған. Сол жылы жергілікті билік даңғылға Нарманбет Төлепов көшесін қосып, экс-президенттің атын берген.

Тұрғындар пикетті 17 ақпанда – қаланың түрлі бөлігінде өткізгісі келген.

Белсенділердің бірі пикетті Станиславский атындағы театр маңында жоспарлаған. Әкімдік ол күні арнайы техниканың көмегімен қар тазалау жұмыстары жүргізілетінін айтқан.

—Қарағанды әкімінің орынбасары бақылаусыз әрекет, тәртіпсіздік болуы мүмкін деп пикетке рұқсат бермей отыр. Екінші себеп – онда қар тазалайды екен. Ерте ме, кеш пе, бәрібір жұрт оны өзгертуді сұрайды – ендеше істі неге созбалақтайды? – деді азаматтық белсенді Жұмабай Ысқақов Азаттыққа. Ол әкімдік пикет туралы өтінішіне рұқсат бермеген 8 белсендінің бірі. Ол әкімдіктің жауабында нақтылық жоғын айтып, сол үшін сотқа арыздануы мүмкін екенін де айтты.

Қарағанды әкімдігі пикетке рұқсат бермеуінің себебін түсіндірмеді. Азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов әкімдіктің рұқсат бермеу жағынан "тәжірибесі мол" екенін алға тартып, заң бойынша билік балама орын ұсынуы тиіс екенін еске салды.

Белсенділер бұған дейін де даңғылдың атын өзгертуді талап етіп, пикет өткзігісі келген. Алайда рұқсат ала алмаған.

2022 жылы қаңтарда Фазылов сотқа шағым түсіріп, 2019 жылы Бейбітшілік бульвары мен Нарманбет Төлепов көшесін біріктіріп, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы шешімді заңсыз деп тануды талап еткен. Фазылов соттан Қарағанды облысы әкімдігі мен мәслихатының көше атын өзгерту туралы қаулысын заңсыз деп тануды сұраған. Белсенді билік көше мен бульвар атауын халықпен ақылдаспай өзгертті дейді. Алайда сот шағымды қараудан бас тартқан.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін елдің ірі қалаларындағы көшелерге Нұрсұлтан аты берілген, ел астанасы "Нұр-Сұлтан" аталды.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды қаңтар оқиғасынан соң Назарбаев атымен аталған көшелер мен астана атауын қалпына келтіру туралы үндеулер айтылды. 2022 жылы қыркүйекте Қазақстан астанасы қайта Астана аталды.

XS
SM
MD
LG