Accessibility links

Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап еткен топ Қытай консулдығы алдына тағы келді


Туыстары Қытайда қамалған азаматтар Алматыда Қытай консулдығы маңында наразылық өткізіп тұр. 8 ақпан 2024 жыл.
Туыстары Қытайда қамалған азаматтар Алматыда Қытай консулдығы маңында наразылық өткізіп тұр. 8 ақпан 2024 жыл.

Шыңжаңда ұзақ жылға сотталған туыстарын іздеген бір топ адам бүгін, 8 ақпанда Қытайдың Алматыдағы консулдығы жанында наразылық өткізді. Оларды әдеттегідей полиция консулдық ғимаратына жібермеді.

Наразылық акциясын өткізіп жүрген топтың бірінің – анасы, енді бірінің - баласы, тағы бірінің бауыры Қытайда ұзақ жылға сотталған.

Наразылық акциясын бастап келген 68 жастағы кейуана Халида Ақытхан үш баласы мен немере, келіндерін жеті жылдан бері көрмегенін айтады.

– Үлкен екі ұлым 22 жылға, кіші ұлым 10 жылға сотталды. Үш келінім де жазықсыз бір жарым жыл отырып келді. Менің балаларымның намазға жығылғаннан басқа айыбы жоқ. Бізді консулдық алдына жіберіңдер! Талабымызды сол жерде тұрып айтайық, - деді ол жолдарын тосқан полиция қызметкерлеріне.

Бірақ полиция өкілдері кейуананың өтінішін орындамады.

Бұдан кейін талабын айғайлап айта бастаған Халида Ақытхан талып қалды. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі шақырылды. Қан қысымының көтеріліп кеткенін айтқан жедел жәрдем қызметкерлері оны ауруханаға алып кетті.

Қытай консулдығынан наразы топтың талабын тыңдауға ешкім шықпады. Азаттық тілшілеріне де жауап беретін адам табылмады.

2021 жылдың ақпан айынан бері тұрақты түрде наразылық өткізіп жүрген аналардың акциясына 8 ақпанда үш жыл толды. Алайда үш жылда Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, оларға жауап бермеді. Керісінше өз талаптарын айтып, консулдық маңына келген топты қазақстандық полиция қызметкерлері ұстап, қамады, айыппұл салды. Бүгінге дейін оларға салынған айыппұлдың көлемі 7 миллион теңге болған.

  • БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан.
  • Зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады.
  • Қытай саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп, ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан Пекин мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
  • Лагерьде болғандардың көбі мұнда діни ұстанымдары үшін, намаз оқып, құран сақтағандары үшін қамалғандарын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG