Accessibility links

Сәтбаевта бұрынғы шахтер әрі белсенді үйінде тінту жүргенін айтады


Бүркітбай Насырханов
Бүркітбай Насырханов

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын бұрынғы шахтер әрі белсенді Бүркітбай Насырханов үйінде тінту болғанын хабарлады.

2021 жылы шілдеде "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деген себеппен Насырхановтың бір жарым жылға бас бостандығы шектелген еді. Белсенді өзіне тағылған айыпты мойндамаған.

Насырхановтың Азаттыққа айтуынша, тінту Сәтбаев қаласы сотының тергеу судьясының қаулысы негізінде 7 ақпанда болған. Қаулыда ұялы телефонын тәркілеу керегі жазылған.

Тінтуге полицейдің Насырханов Facebook желісінде "мемлекеттік билік пен "Қазақмыс корпорациясы" жетекшілігіне қатысты негативті видео жариялады" деген рапорты себеп болған.

Насырханов Қылмыстық кодекстегі "Сот үкімін орындамау" бабы бойынша істе "қорғауға құқығы бар куәгер" деп танылған. Ал сотқа дейінгі тергеу былтыр тамызда басталған. Тергеу Насырханов "үш жыл бойы қоғамдық-саяси істермен айналыспау, әлеуметтік желіге жазба жарияламау" деген үкімді орындамады дейді.

Белсенді бұл іспен түрмеге қамап тастай ма деп қауіптенеді. "Сот үкімін орындамау" бабында үш жыл бас бостандығын шектеу я түрмеге қамау немесе қоғамдық жұмыс істеу жазасы қарастырылған.

Насырханов бұған дейін өзін "экстремизм" бабымен айыптағанына келіспейтінін айтқан және "билікті сынағаным үшін, шахтерлер мен жұмыста мүгедек болғандарды қолдайтын саяси қозғалыс құрмақ болғаным үшін қудаландым" деген.

Сот үкімінен соң Бүркітбай Насырхановтың банк шоттары бұғатталған. 2022 жылы желтоқсанда ол банк шоттарын бұғаттан босатуды талап етіп сотқа берген. Бірақ сот "заңға қайшы әрекет жоқ" деп белсендінің арызын қанағаттандырмаған.

Құқық қорғаушылар "Қазақстан халықаралық стандарттарды бұзып, билікті сынағандарды экстремистік баппен соттап, қаржылық шектеулер қояды" деп сынайды.

Қазақстанда Қылмыстық кодекстегі "экстремистік баптармен" сотталғандар "терроризм мен экстремизмді қаржыландырғандар тізіміне" еніп, банк, сақтандыру және нотариус қызметтерінен айырылады.

Қылмыстық кодекстегі 405-бап билікті сынап пост жазғандар мен наразылыққа шыққандарға қолданады. Кейінгі жылдары ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалысын қолдаған ондаған адам "қызметіне тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп жазаланған.

Қазақстанда "экстремистік" деп танылған ҚДТ мен "Көше партиясы" Еуропарламент қаулысында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG