Accessibility links

Бішкек қырғыз азаматтарының жүргізуші куәлігі туралы шағымдарына байланысты Астанаға қайырылды


Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанда қырғыз азаматтарының жүргізуші куәлігі жарамай жатқандығы жөнінде ақпаратқа реакция білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, Қырғызстан мен Қазақстан БҰҰ-ның 1968 жылы 8 қарашада қабылданған "Жол қозғалысы туралы" конвенциясының мүшелері. Сәйкесінше, тараптар бір-бірінің жүргізуші куәліктерін мойындайды.

Қырғызстан СІМ-нің хабарлауынша, Қазақстанда кейбір полиция қызметкерлері халықаралық заңнаманы орындамай, жүргізуші куәлігін қазақстандық үлгіге ауыстыруға кеңес береді.

"Қазақстан тарапына ішкі істер министрлігіне қарайтын тиісті мекемелерге ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсындық. Келіссөз нәтижесінде қазақстандық тарап қажетті түсіндіру жұмысы жүргізілгенін, алда тағы келеңсіздік болып жатса, дереу мән беруге шақырды" деп хабарлады Қырғызстан СІМ.

Бұл мәселе бойынша Қазақстанның ІІМ өкілдерімен кездесу жоспарланғаны да айтылды.

Жогорку Кеңеш депутаты Эмиль Токтошев 8 ақпанда Қазақстанда тұрып жатқан қырғыз азаматтары "жүргізуші куәлігімізді қазақстандық тарап мойындамай жатыр" деп шағымданғанын жеткізген. Депутат бұл мәселені шешу үшін қырғыз үкіметіне қайырылған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 30 мыңға жуық қырғыз азаматы тұрады.

XS
SM
MD
LG