Accessibility links

Путин: Ерте ме, кеш пе, бәрібір келісеміз


Ресей президенті Владимир Путин америкалық журналист Такер Карлсонға сұхбат беріп отыр.
Ресей президенті Владимир Путин америкалық журналист Такер Карлсонға сұхбат беріп отыр.

Ресей президенті Владимир Путин америкалық Fox News телеарнасының бұрынғы жүргізушісі Такер Карлсонға берген сұхбатында Украинадағы әскери қақтығысқа Киев пен Батысты кінәлап, қайшылық 2014 жылғы "Киевтегі мемлекеттік төңкерістен" басталғанын, ізінше Киев Минск келісімін орындаудан бас тартқанын айтты. Ол Вашингтонды ұстанымын өзгертуге шақырып, Ресей диалогқа дайын екенін растады.

Екі сағаттық видеосұхбат 9 ақпанда Кремльдің сайтында жарияланды. Видеоға орыс тіліне аударылған мәтіні де тіркелген.

Алғашқы жарты сағатта Путин тарихқа тоқталады. Ол монологын варягтардың Руське әуестігінен бастап, сөз арасында Олег Вещийге тоқталып, Лениннің сыртқы саясатын сынаумен аяқтайды.

Одан кейін Путин америкалық журналист Такер Карлсонға 2000-жылдары президент болғаннан кейін Батыспен қарым-қатынасты жақсартуға тырысқанын, тіпті Ресейді НАТО-ға қосу мүмкіндіг де сөз болғанын атап өтеді.

Путиннің сөзінше, ақыры оған мүмкіндік бермеген.

"Ресей өзін "өркениетті халықтардың" бауырлас отбасына қосады деп күтті, алайда ештеңе болған жоқ" деді ол. АҚШ бізді алдап кетті. НАТО шығысқа қарай жылжымайды деп уәде берген, "алайда бес рет жылжыды" деді Путин Такер Карлсонға.

Путин "Ресей мен Батыстың жауласуына НАТО-ның шығысқа қарай жылжуы және Украинаны солтүстікатлантикалық одаққа алу ықтималдығы түрткі болды" деген бұрынғы тұжырымын қайталады.

Ресей президенті сұхбатта сонымен бірге Украинаға шабуылын "біртұтас халық" туралы аңызымен ақтауға тырысты, украиндар "әлі күнге дейін өзін орыс сезінеді" деді. Ол Ресейдің Украина басқыншылығында "азаматтық соғыс элементтері" барын да байқағанын жеткізді.

Оның сөзінше, Ресей Донбасты Украинаға қайтаруға дайын болған және ол үшін сол жақтағы адамдарды көндіру керек болған. Алайда Путиннің айтуынша, Киевтегілер мәселені әскери күшпен шешуге бел буған. Путин қазіргі соғысты Ресей емес - "Донбасты сегіз жыл бойы бомбалаған" Украинаның өзі бастады деп бұрынғы сөзін қайталады.

Путиннің айтуынша, Вашингтон мен британ премьер-министрі Борис Джонсон 2022 жылы көктемде бейбіт келісімге келуге кедергі жасамағанда, соғыс баяғыда аяқталушы еді.

Путин Вашингтон өз ұстанымын қайта қарауы тиіс деп атап өтті. Ресей президентінің пікірінше, АҚШ Украинаға қару-жарақ жеткізуді тоқтатып, әскери қимылды доғаруы керек, сол кезде келісуге болады.

"Ресей көрші Еуропа елдеріне шабуылдауы мүмкін" деген болжамға қатысты пікірін айтқан Путин Мәскеудің "Польшада да, Латвияда да мүддесі жоқ" деді. "Польша Ресейге шабуылдаған кезде ғана Ресей Польшаға әскерін жібереді" деді.

Ресейдің ядролық қару қолдану жөніндегі жоспары туралы сұраққа жауап берген Путин оны "қорқынышты нәрсе" деп атаған. Алайда бұған дейін де ол ядролық қару қолданатыны жөнінде бірнеше рет сес көрсеткен.

"Мұның барлығы соншалықты қайғылы болмағанда күлкілі болар еді" деді Ресей мен Украина, Батыс арасындағы қарым-қатынас жөнінде айтқан Путин.

"Украинадағы бітпейтін мобилизация, байбалам, ішкі мәселелер, осының бәрі.... Ерте ме, кеш пе, бәрібір келісеміз" деді Владимир Путин Такер Карлсонға берген сұхбатында.

Америкалық журналист Такер Карлсон Путиннен сұхбат алу үшін Мәскеуге ақпанның басында келген. Ол – Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Владимир Путиннен сұхбат алған алғашқы Батыс елінің журналисі. Ол Украинадағы соғыс бойынша тараптардың барлығына микрофон ұсынғысы келетінін айтқан. Украина басшысы Владимир Зеленскийге де сұхбат жөнінде өтініш білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG