26 мыңнан астам қырғыз азаматы Ұлыбританиядағы маусымдық жұмысқа өтініш берді. Қырғызстанның азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру орталығы осылай деп мәлімдеді.
Орталық өкілдерінің хабарлауынша, қырғыз азаматтары Hops Labor Ltd операторы арқылы Ұлыбританияның ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмыстарға жұмысшыларды тарту бағдарламасы аясында өтініш берген.
"Жеті сағат ішінде 26 170 адам өтініш берді, 14 735-і оператор ұйымдастырған іріктеудің алғашқы кезеңінен өтті. Алғашқы кезеңде анкетаны толтырудың дұрыстығы, электронды жәшік бар-жоғы және Hops Labor Ltd бекіткен өзге де критерийлер бойынша іріктеу жүргізілген" деді орталық өкілдері.
Бұған дейін Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Ұлыбританияның Қырғызстандағы елшісі Николас Боулер 2023 жылы маусымдық жұмыста 10 мың қырғыз азаматы істегенін айтқан. Ал 2023 жылы қарашада министрлер кабинетінің жетекшісі Ақылбек Жапаров Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвидом Кэмеронмен кездесу кезінде "өзара тиімді тәжірибені" алға тартып, "маусымдық жұмысшылардың саны әрі қарай да өсе беретіндігіне" сенім білдірген.
Қырғызстан Ұлыбританияның ауыл шаруашылық жұмыстарына адам тарту мемлекеттік бағдарламасына қатыса алатын елдердің тізіміне енгізілген.
Қырғызстанда азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру орталығы 2022 жылы қаңтарда ашылған. Бұл азаматтарды өзге елдердегі жұмысқа тартумен айналысатын елдегі жалғыз мемлекеттік ұйым. Орталық ашылған кезде "мұндай шешім азаматтардың құқықтары мен еңбек мигранттары және олардың отбасыларының мүдделерін қорғауға бағытталғаны" айтылған.
ПІКІРЛЕР