Accessibility links

Атырау облысы: Қызылқоға ауданының бірқатар ауылдарында сел жүріп, айналаны су басқан


Атырау облысы Қызылқоға ауданы, 9 ақпан, 2024 жыл
Атырау облысы Қызылқоға ауданы, 9 ақпан, 2024 жыл

9 ақпанда Атырау облысы Қызылқоға ауданында еріген қар суының салдарынан Мұқыр мен Сағыз ауылдарында сел жүріп, елді мекендерге су басу қаупі төнді. Су тасқыны 8 ақпан күні басталған. Ал бүгін, 10 ақпанда Қызылқоға ауданы әкімдігі “тасыған су деңгейі төмендеді, ауылдарды су басу қаупі жоқ" деп мәлімдеді. Жергілікті билік қауіп сейілді дегенмен, тұрғындар олай айтуға асықпайды.

Аудан әкімдігі таратқан ақпарат бойынша, кеше Сағыз ауылдық округіне қарасты Кенбай елді мекеніндегі екі үйге су кіру қаупі төнген. Оған «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан бір техника жіберіліп, түнгі сағат 4:30-да қауіп төнген үйлердің айналасына бөгет салынған. Бұған қоса, суды сору жұмыстары да жүргізілген

Жергілікті билік 9 ақпан күні тереңдігі үш метр Ноғайты өзені еріген қар суынан таси бастағанын да растады.

Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жантерек елді мекеніндегі мектептің шарбағына да еріген қар суы кірген.

“Әзірге мектепке қауіп жоқ. Сабақ онлайн өткізіліп жатыр” деп жазылған 9 ақпан күнгі әкімдік хабарламасында.

Мұқыр ауылының тұрғыны Қуандық Төреев кейінгі екі күннен бері ауылды су басып жатқанын айтты. Ол қар-жаңбыр мол жауса, ауылдағы сай суға толып, айналасындағы елді мекенге су басу қаупі төнетінін айтты.

Мұқыр ауылының тумасы, қазір қалада тұрып жатқан журналист Нұрислам Құспанғали осыдан шамамен 20 жыл бұрын 11 сынып оқушысы сайдан өтіп бара жатқанда құлап, су ағызып кетіп, мерт болғанын айтады. Оның сөзінше, ауыл тұрғындары “сайға көпір, өткел салу керек” деп жылда әкімдерден талай рет талап етіп келе жатқанына жиырма жыл болғанын айтады.

- Мұқырға көпір керек. Бұл - бұрыннан айтылып жүрген әңгіме. Табиғаттың тосын мінезінен бәрін күтуге болады. Кішкентай балалар алыстағы жалғыз көпірге баруды қиынсынып, қызыл суды етігімен кешіп етуге тырысу мүмкін. Керек десеңіздер, әр жерден өткел жасап, оны қоршау керек. Бұл мәселе ауданға қарайды деп әкімдер ауысқан сайын осылай деп құтылып кетеді. Ештеңе істеген жоқ. Көпір салынбай қалды. Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 20 жыл ғой, бұйырса, Мұқырға екі жаяу өткел саламыз ба деген ой бар. Балалар сол сай маңынан өтеді мектепке. Соның өзі экстрим, ата-аналар жанын шүберекке түйіп отырады, - дейді Нұрислам Құспанғали.

Ал Сағыз ауылының тұрғыны Ахат Өскенбай 9 ақпанда қар еріп, су аула, қораларға кіргенін, техника жетпей, барлық үйлерге барып үлгере алмай жатқанын хабарлады.

Оның айтуынша, Ноғайты өзені мен Сағыз өзенінің қатар жүре бастауы, Ноғайты суының көтерілуіне себеп болып тұр.

- Су тасқынына байланысты біраз жұмыстар жүріп жатыр, қазіргі уақытта көп қауіп жоқ. Бірақ ауылішілік қатынас, мал шығару мәселесі өте үлкен қиындық туғызып отыр. Көпір болса, мұндай болмас еді. Жылда осы көретініміз. Күзет қойылды арғы және бергі бетке. Бір үй су кіріп, жарлары құлады. Екі-үш үй апатты жағдайда су ортасында қалып тұр, - дейді Ахат Өскенбай.

Ол бүгін, 10 ақпан күні ол су ағысы кейін қайтып, су басу қаупінің сейілгенін растады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG