Accessibility links

Ресейде "Мәскеу" крейсерінің батырылуы бойынша тергеу тоқтатылды


"Мәскеу" крейсері, 2012 жыл.
"Мәскеу" крейсері, 2012 жыл.

Ресей тергеу комитеті "Мәскеу" крейсерінің батырылуы бойынша қылмыстық істі тоқтатты. Бұл жөнінде ведомство кемеде қаза болған теңізші Дмитрий Шкребецтің әкесіне хабарлаған.

Марқұмның әкесіне келген хабарламада алдын ала тергеу "күдікті немесе айыпталушы тергеуден жалтарғандықтан немесе қайда екені белгісіз болғандықтан" тоқтатылғаны жазылған.

Шкребец тергеу комитетінің шешіміне шағым түсіруден пайда жоқ деп есептейді, өйткені "ол мұндай шешімнің не себепті қабылданғанын түсінеді және оқиғаның ауыр екенін де жақсы біледі". "Барлық жауапты тұлғаларды Ресей тергеу комитеті қолға түсірген кезде" іс қайта ашылуы мүмкін деп санайды.

Оның айтуынша, оқиғаға тікелей жауапты тұлғалардан бөлек, "өзге категорияға" жататын Ресейде тұрып жатқан кінәлілер де бар, алайда олар қылмыстық іске тартылмаған және оның себебі де белгілі.

Украинамен соғысқа қатысқан Ресейдің Қара теңіз флотының флагманы "Мәскеу" крейсері 2022 жылы 14 сәуірде батырылған. Украинаның әскери басшылары және Пентагон өкілдері кемеге украин әскері ракетамен соққы жасағанын хабарлаған. Ресей жағы мұны жоққа шығарып, крейсерден өрт шығып, оқ-дәрі жарылғанын айтады.

Ресей қорғаныс министрлігі бастапқыда "Мәскеу" экипажы толық эвакуацияланғанын хабарлаған. Кейін ведомство 27 әскери қызметкер із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеді. Аннексияланған Севастополь соты 2022 жылы қарашада 17 ресейлік теңізші қаза болғанын мойындады. "Мәскеу" крейсерінде қаза болған әскери қызметкерлердің саны әлі күнге дейін белгісіз.

XS
SM
MD
LG