Accessibility links

NYT: Украина әуе қорғанысының оқ-дәрісі наурызда таусылуы мүмкін


Украина президенті Владимир Зеленскийге Patriot кешені таныстырылып жатыр.
Украина президенті Владимир Зеленскийге Patriot кешені таныстырылып жатыр.

Украина әуе қорғанысының оқ-дәрі қоры жақын арада толтырылмаса, наурызда таусылуы мүмкін. Бұл жөнінде Американың ресми тұлғаларына сүйенген The New York Times басылымы жазды.

Украина әскеріндегі кадрлық ауыс-түйістер мен Ресей әскерінің Авдеевкаға шабуылы жөнінде айтылған мақалада оқ-дәрі тапшылығы мен жеке құрам жетіспеушілігі және әскер арасындағы шаршаңқы көңіл-күй жуық арада украин армиясына ірі мәселе болуы мүмкін екені жазылған. Батыс шенеуніктері мен әскери сарапшыларға сүйенген мақала авторлары АҚШ-тан ірі көмек келмесе, украин әскері майданда ірі қиындыққа ұшырауы мүмкін деп болжайды.

Украина әскерінде кемінде екі айға жететін оқ-дәрі бар, алайда бірнеше айда көмек келмесе, жазға қарай жағдай күрделенуі ықтимал.

Бұған дейін дереккөздерге сүйенген Америка ақпарат құралдары қаңтарда конгресс жетекшілерімен кездесу кезінде АҚШ барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілдері АҚШ қару-жарақ жағынан көмектеспесе, Украина бірнеше айда жеңіліске ұшырауы мүмкін деген.

Демократтар мен республикашылдар арасындағы қайшылыққа байланысты конгресс әлі күнге дейін Украинаға көмек құжатын мақұлдай алмай отыр. Джо Байден әкімшілігі Украинаға көмекке шамамен 61 млрд доллар сұраған. Қазір сенатта Украина, Израиль және Тайванға көмек көрсету туралы заң жобасы қаралып жатыр. Құжат қабылдана ма, жоқ па, белгісіз. Президент Байден конгресс мүшелерін Украинаға көмек құжатын тезірек мақұлдауға шақырған. Украинаның өзге одақтастары, мысалы ЕО Киевке оқ-дәрі және қару-жарақ жеткізіп жатыр, алайда оның көлемі АҚШ беретін көмектен әлдеқайда аз.

Украинаның жоғарғы радасындағы "Слуга народа" басқарушы партиясының жетекшісі Давид Арахамия сенбі күні алдағы екі айда АҚШ Украинаға көмекті мақұлдайды және былтыр жыл соңында тоқтап қалған тасымалдаулар жалғасады деп сеніммен айтқан. Арахамия Украинаның екі айға жететін ресурсы бар, сондықтан "біз өзімізді қауіпсіз сезінеміз" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG