Accessibility links

Шольц АҚШ-қа сапары барысында Байденмен Украинаға көмекті талқылады


АҚШ президенті Джо Байден және Германия канцлері Олафом Шольц Ақ үйде кездесіп отыр. Вашингтон, 9 ақпан 2024 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден және Германия канцлері Олафом Шольц Ақ үйде кездесіп отыр. Вашингтон, 9 ақпан 2024 жыл.

Германия канцлері Олаф Шольц Вашингтонға 24 сағаттық сапары кезінде Украинаға көмекті тоқтатпайтынын мәлімдеп, Ресей басшысы Владимир Путинді қатаң сынады. АҚШ президенті Джо Байден егер конгресс Украинаға қосымша көмек көрсетуді мақұлдамаса, "немқұрайлығы үшін" кінәлі болады деді.

Байден Шольцты 9 ақпанда кешке қабылдады. Әңгіме 1 сағат 45 минутқа созылды. Неміс бақылаушылары Байден барлық басшыларға осынша көп уақыт бөле бермейтінін атап өтті. Бақылаушылардың айтуынша, Шольц АҚШ-қа Байденнің шақыруымен барған. Олардың пікірінше, америкалық саясаткерлерге Украинаны қолдау маңызды екенін көрсету үшін АҚШ президенті Германия канцлеріне көп уақыт бөлген. Екі басшы келіссөзінің басты тақырыбы Украинаға көмек болған. Таяу Шығыстағы жағдай да талқыланған.

Шольц кездесу кезінде Ресей басшысы Владимир Путин өзінің империалистік пиғылын жүзеге асыру жолында Украинаға қарсы соғыстың тарихи алғышарттары туралы өтірік таратып жатқанын атап өтті. Ол Путиннің америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатын сынады. Канцлер оны "күлкілі" әңгіме деп атап, Ресей президенті "127 минут бойы Ресейдің Украинаға келтірген зардабын мазақ етті және соғыстың себептері туралы мүлдем ақылға қонымсыз әңгіме айтты" деді. Шольцтың пікірінше, Путин Украинадағы билікті басып алуды көздейді.

Вашингтонға сапары алдында Wall Street Journal басылымында канцлер Ресей Украинадағы соғыста жеңсе, барлық елдерге қатер төнеді деген.

"Батыс елдері Украинаға көмекті жалғастыруа тиіс, НАТО- бірлігін сақтап, Путинге бізді ажыратуға жол бермеу керек" деді Германия басшысы.

Оның сөзінше, Путин Украинаға Батыс елдерінің көмегі азаюын күтіп отыр.

Канцлер нақты жағдайда АҚШ-тың әскери көмегінен бас тарту мүмкін емес деп санайды.

"АҚШ-тың үлесінсіз жағдай өте күрделі болмақ" деді Шольц. Неміс бақылаушылары канцлер егер Вашингтон қару-жарақ жіберуді тоқтатса, Украина соғыста жеңілетінін меңзеді дейді.

Неміс сарапшыларының пікірінше, канцлердің сапарының мақсаты – АҚШ-тағы күрделі сайлау кампаниясы кезеңінде президент Байденді қолдау. Бақылаушылардың болжамынша, әңгіме кезінде екі басшы егер Дональд Трамп жеңсе не болатынын да талқылаған.

Германия мен АҚШ Украинаға қару-жарақ тасымалдаушы негізгі елдер. Шольцтың сөзінше, Германия Украинаға 30 млрд еуро көлемінде қару-жарақ тасымалдаған. Вашингтонның мәліметінше, АҚШ осы уақытқа дейін 44 млрд доллар әскери көмек көрсеткен. Шольцтың АҚШ-қа сапарының алдында Еуроодақ құны 50 млрд еуро болатын қару-жарақ жөнелтуді мақұлдады. Тұтас алғанда ЕО елдері Украинаға 91 млрд еуро әскери көмек берген.

Демократтар мен республикашылдар арасындағы қайшылыққа байланысты конгресс әлі күнге дейін Украинаға көмек құжатын мақұлдай алмай отыр. Джо Байден әкімшілігі Украинаға көмекке шамамен 61 млрд доллар сұраған. Қазір сенатта Украина, Израиль және Тайванға көмек көрсету туралы заң жобасы қаралып жатыр. Құжат қабылдана ма, жоқ па, белгісіз. Президент Байден конгресс мүшелерін Украинаға көмек құжатын тезірек мақұлдауға шақырған.

XS
SM
MD
LG