Accessibility links

Венгрия президенті Каталин Новак педофилге рақымшылық жасағаннан кейін отставкаға кететінін мәлімдеді


Венгрия президенті Каталин Новак 10 ақпанда отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұған дейін президент педофилия бойынша сотталған тұтқынға рақымшылық жариялағаннан кейін елде дау туындаған. Президентпен қатар әділет министрі Юдит Варга да қызметінен кетті. Ол Новакқа рақымшылық туралы құжатқа қол қоюға кеңес берген. Видеомәлімдемесінде Венгрия президенті "қателік жібергенін" мойындады.

Венгрия – парламенттік республика, онда президенттің іс жүзінде өкілдік функциясы ғана бар. Бақылаушылардың пікірінше, аталған дау премьер-министр Виктор Орбанның беделіне нұқсан келтіруі ықтимал, себебі Новак президент болып сайланғанға дейін "Фидес" жетекшілерінің бірі болған және елде дәстүрлі құндылықтарды қорғауға басымдық берген.

Бұған дейін былтыр сәуірде Венгрия президенті 22 адамға рақымшылық жасағаны, Бичка қаласындағы балалар үйінің директорының бұрынғы орынбасарына да рақымшылық жасағаны белгілі болған. Балалар үйінің директоры педофилия қылмысы үшін сотталған, ал тергеу мәліметінше, оның орынбасары балаларға күш көрсету фактілерін білген және директорға соларды жасыруға көмектескен. Директордың орынбасары үш жыл төрт айға сотталды, ол рақымшылық жасалған кезде түрмеден шығуына 9 ай қалған.

Азаттықтың Венгр қызметінің хабарлауынша, рақымшылық туралы ақпарат шамамен бір жылдан кейін белгілі болды. Оны 444.hu сайты оқырмандарының бірі байқаған. Ақпарат саяси дау тудырды. 5 ақпанда кезектен тыс парламент сессиясы кезінде барлық оппозициялық партия Каталин Новактың отставкасын талап етті. 9 ақпанда Будапеште осы талапты қолдаған жаппай наразылық өтті.

Әділет министрі 10 ақпанда президенттің шешіміне қатысты саяси жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеп, саясаттан кететінін жариялады. Ол "Фидес" партиясы атынан Еуропарламентке ұсынылған кандидаттықтан да бас тартты.

Венгрия президентін парламент сайлайды, ондағы депутаттардың басым бөлігі Виктор Орбанның жақтастары.

XS
SM
MD
LG