Accessibility links

Садыр Жапаров Блинкеннің хатынан "Қырғызстанның ішкі ісіне араласу белгілерін" байқаған


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта).
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта).

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қырғызстан парламентінде қаралып жатқан "Шетел өкілдіктері туралы" заң жобасына алаңдаушылық білдіріп, хат жолдаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенге жауап хат жазды. Хатты 12 ақпанда Жапаровтың баспасөз хатшысы Асхат Алакөзов жариялады. Мазмұнын Азаттықтың Қырғыз редакциясы баяндаған.

Жапаров жауабында "Блинкеннің хатында Қырғызстанның ішкі ісіне араласу белгілері бар екені" көрсетілген. Президенттің сөзінше, Қырғызстандағы үкіметтік емес және бейкоммерциялық ұйымдар тек АҚШ пен Еуропа одағынан ғана қаржы алмайды.

Қырғызстан президентінің сөзінше, "Шетел өкілдіктері туралы" заң жобасының тұжырымдамасы АҚШ-та 1938 жылы қабылданған шетел агенттерін тіркеу туралы (FARA) заңның тұжырымдамасына ұқсас.

"FARA заңында шетел агенті статусы тек БАҚ-тарға ғана емес, өзге де заңды және жеке тұлғаларға арналғанын білеміз. Оны бұзғаны, яғни тіркеуден өтуден бас тартқаны үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жазаға да тартылады. Осыған байланысты мынадай сұрақ туады: неге сіздерге болатын нәрсе бізге болмайды?" дейді хатта Жапаров.

Садыр Жапаров хатында "Қырғызстан билігі үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ-тардың жұмысын қолдайтынын, сонымен қоса "шетелден қаржы алып, шетелдік серіктестермен көп жылдан бері жұмыс істеп отырғандарға да теріс қарамайтынын" айтқан. Президенттің сөзінше, мұндай ұйымдарға қойылатын негізгі талап – заңды сақтау және жұмысын ашық көрсету ғана.

Жапаровтың айтуынша, қырғыз билігінің үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ жарғысына араласатын ойы жоқ.

"Сол себепті аталған заң жобасын парламент қабылдайтын болса, "сіздердің азаматтарыңыз АҚШ-тың және оның халықаралық серіктестерінің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асыратын денсаулық сақтау және білім саласындағы бағдарламаларға қол жеткізуіне қатер төндіреді" деп жазғаныңыз маған түсініксіз" дейді Садыр Жапаров.

Жапаровтың сөзінше, Блинкен кейбір үкіметтік емес ұйымдардың "сенімсіз ақпаратынан" ой түйіп отыр.

АҚШ мемлекеттік хатшысының Садыр Жапаровқа хат жазғаны 7 ақпанда мәлім болған. Хаттың өзі биыл 17 қаңтарда жазылған. Мемлекеттік хатшы "аталған заң жобасы үкіметтік емес ұйымдарды азаматтық және қылмыстық жауапқа тартуға негіз болуы мүмкін екенін" айтқан.

Қырғызстанда қабылданатын жаңа заңға байланысты Блинкеннен өзге БҰҰ, Еуропа одағы секілді халықаралық ұйымдар мен Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы алаңдаушылық білдірген. БҰҰ-ның арнаулы баяндамашысы мен БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі басқармасының ресми өкілі де қырғыз билігінен аталған заңды қайтаруды сұраған.

"Шетел өкілдіктері туралы" заң жобасын 2023 жылы Қырғызстан парламенті бірінші оқылымда мақұлдаған. 2024 жылы қаңтардың соңында Қырғызстан парламентінің конституциялық заңнама комитеті де жоба конституцияға сай келетінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG