Accessibility links

Қарағанды полициясы "мектепке шабуыл жасалатыны" туралы хабар таратқан адамды іздестіріп жатыр


Әлеуметтік желіде "Қарағанды мектептеріндегі оқушыларды өлтіретіні" туралы аноним telegram-арнадан ақпарат тараған.

Қару суреті салынған мәтіндердің бірінің авторы "алғашқылардың бірі болып нысанаға ілінетін екі мектептің" жанынан өткенін жазған.

Мұндай хабарлардың скриншоттарын 12 ақпан түнде 11 мың жазылушысы бар жергілікті instagram-паблик жариялады. Оның модераторы бірінші кезекте Қарағанды қаласының шетіндегі білім мекемелерінің әкімшіліктеріне қайырылып, "мейлінше мұқият болуға, ғимаратқа бөтен адамды кіргізбеуге шақырған".

Шабуыл туралы белгісіз аккаунттан таралып жатқан хабарларға Қарағанды тұрғындары алаңдаушылық білдірген. Кейбірі 2021 жылы мамыр айында Татарстанның Қазан қаласындағы мектепте болған атыс пен жарылысты еске алған. Бұл оқиғада тоғыз адам қаза тауып, 24 адам жараланған.

Қарағанды қалалық полиция департаменті 12 ақпанда таңертең мектепке шабуыл жасалатыны туралы белгісіз ақпарат жөнінде түсініктеме берді. Департаменттің хабарлауынша, "мұндай ақпарат таратушыны шұғыл анықтау іс-шаралары жүргізіліп жатыр".

"Оқу орындарында күзет күшейтіліп, қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді. Ол ақпарат дүрбелең туғызуды көздеуі де мүмкін. Арандатуға ермей, сабыр сақтаңыздар" дейді Қарағанды облыстық полициясының баспасөз қызметі.

Полиция мұндай хабарларды әлеуметтік желіде тарап жатқан жалған ақпарат деп атап, бұған ұқсас жайттар жыл басынан бері "көршілес мемлекет пен Қазақстанның" бірқатар қалаларында болғанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG