Accessibility links

Франция интернеттен ресейшіл пропаганда желісін тапқан


Германия, Франция және Польша сыртқы істер министрлерінің кездесуі. Париж, 12 ақпан 2024 жыл
Германия, Франция және Польша сыртқы істер министрлерінің кездесуі. Париж, 12 ақпан 2024 жыл

Еуропа одағының үш елі — Франция, Германия мен Польша интернетте Ресей пропагандасы күшейе бастағанын мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарына қарағанда, Ресей осылайша маусым айында болатын Еуропарламент сайлауына ықпал етіп, консерваторлар мен ресейшіл саяси күштерге қолдау көрсеткісі келеді. Бұл мәлімдеме үш елдің сыртқы істер министрлері 12 ақпанда Парижде бас қосқанда айтылған.

Француз дипломаттары интернет бақылаушы VIGINUM мемлекеттік қызметінің баяндамасын таныстырған. Баяндамада бақылаушылар Ресейдің ақпарат агенттіктері мен блогерлерін жаппай ретрансляциялайтын кемі 193 сайт желісін көрсеткен. VIGINUM "Portal Combat" деп уақытша атау берген желілерде "қоғамдық ой-пікірге, соның ішінде Франция халқының пікіріне ықпал ету мақсатымен Ресейдің Украинаға басып кіргенін жағымды жақтан көрсетіп, Киев билігін қаралайтын" тенденция қалыптасқан.

Оған мысал ретінде "Жетер! Франция Зеленскийге (Украина президенті) радикалды шара қолдануға шақырады" дейтін тақырыптарды көрсеткен. Шын мәнінде мұндай тақырыптардың астында француз ультраоңшыл оппозициялық саясаткерінің Х әлеуметтік желісіндегі посты ғана жарияланған.

Кездесуге қатысқан Франция өкілі Ресей осындай пропагандасы арқылы Францияның Батыс Африкадағы саясатын дискредитациялауға тырысып келеді және қоғамдық ой-пікір ауанын Мәскеу мүддесіне бұруды көздейді деп мәлімдеген.

Германия мен Польша сыртқы істер министрлері де ресейшіл интернет-белсенділіктің күшейгеніне алаңдаушылық білдірген. Бұ жайтты Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок "демократияға шабуыл" деп атаған.

Кремль "Еуропа одағы елдеріне ақпарат соғысын жүргізіп отыр" дейтін айыпты бұған дейін әлденеше рет теріске шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG