Accessibility links

13 ақпанда көктайғаққа байланысты Оралда автобус жүре алмай, мектептер онлайн-сабаққа көшкен


Көктайғақ көшеде автобус күтіп тұрған адамдар. Орал қаласы.
Көктайғақ көшеде автобус күтіп тұрған адамдар. Орал қаласы.

13 ақпанда Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында көктайғаққа байланысты автобус қозғалысы тоқтап қалған. Облыстағы барлық автожол жабылған.

Ақпаның 13-іне қараған түні Орал мен Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында қар аралас жаңбыр жауған, таңертең мұз қатып, көктайғаққа айналған. Сол себепті жолаушылар автобусы жолға шыға алмаған.

— Күніне орта есеппен 250 автобус шығады. Бірінші кезекте "Жайық таза қала" автобус жолдарындағы мұзды ерітіп, тазалайды. Қазір тазалап болып қалды, автобустар шыға бастады, — деді Азатыққа Орал қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан.

Автобустар жергілікті уақыт бойынша таңғы 11-ден бастап қана шыға бастаған.

Қала тұрғындары жергілікті биліктің мектептерде сабақ тоқтатылғанын ескертпегеніне ренішін білдірген. "Сабақ онлайн өтетіні туралы ата-аналар чатына хабар сағат 8-ден 33 минут кеткенде ғана келді" дейді жергілікті тұрғын Малика Махметова.

— Жарты сағат такси шақырдық. Жолақысы әдеттегіден төрт есе қымбаттап кетті. Содан соң мектепке бармай-ақ қояйық дедік. Сабақ болмайтынын кейіннен естідік, — дейді ол.

Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы ата-аналарға уақытылы ескерту хабар берілмегені жөнінде қандай да бір уәж айтқан жоқ.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарына қарағанда, көктайғақ пен дауылға байланысты аймақтағы жолдар таңғы тоғыздан бастап жабылған. Түске дейін республикалық маңыздағы 10 трасса мен облыстық маңыздағы 11 трассада көлік тоқтатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG