Accessibility links

Сот түрмедегі экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасына жаза қосты


Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейді басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлын "аса ірі көлемде пара беруге оқталғаны үшін" кінәлі деп танып, оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосып, түпкілікті 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова "Парақорлыққа делдал болу" бабы бойынша алты айға сотталды. Оларға өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деп айыпталып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оған 10 жылға адвокаттық қызметпен айналысуына тыйым салды.

Жемқорлыққа қарсы комитет "Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету үшін адвокаты күдіктінің әйелінен 460 мың доллар алған" деп мәлімдеген.

Сотталушылар сот үкіміне қатысты реакция білдірмеді. Сот жариялаған хабарламада айыпталушылар айыппен келіспегені, судьядан ақтауды сұрағаны жазылған. Үкім күшіне енген жоқ, тараптар апелляциялық шағым түсіруге құқылы.

Іс материалдарына сай, Мұхамедиұлы 2022 жылы желтоқсанда қамаудан шығуды көздейді және "Д" қонақ үйін (БАҚ "Дипломат" қонақ үйі деп жазған - Ред.) сақтап қалғысы келеді. Тергеу "Мұхамедиұлы адовкаты Төлеев арқылы соттағы жауапты адамдарға пара бермек болады және бұған әйелін де тартқан" дейді.

Сотта айтылған ақпаратқа қарағанда, 2022 жылы желтоқсанда Ысқақова Төлеевке 140 мың доллар береді. 2023 жылы шілдеде жемқорлыққа қарсы комитет "Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету үшін адвокаты күдіктінің әйелінен 460 мың доллар алған" деп мәлімдеген.

2023 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста "бюджеттен бөлінген 221 млн теңгені жымқырды" деген айыппен 8 жылға сотталған еді. Ол өзіне тағылған айыптармен келіспей, "жұмысым бір адамдарға ұнамай, солар соттатып жатыр" дейді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрғанда 2014-2019 жылдары мәдениет және спорт министрі болған. Оған дейін ол Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын басқарды. Мұхамедиұлы министр кезінде кино, музей, театр, спорт саласында түрлі даулар болған. 2016 жылы Жүргенов академиясында оқыған студенттердің бірі Мұхамедиұлы "жыныстық бопсалау жасады" деп айыптаған еді. Ал Мұхамедиұлы бұл айыпты жала деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG