Accessibility links

АҚШ сенаты Украинаға қаржылай көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады


АҚШ конгресі.
АҚШ конгресі.

АҚШ сенаты 13 ақпанда Украина, Израиль және Тайваньға 95 млрд доллар қаржылай көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады. Сенатта демократтар басым орынға ие.

Енді заң жобасын Республикалық партия басым өкілдер палатасы қарайды. Өкілдер палатасында жобаның заң статусын алуға мүмкіндігі аз деген болжам бар.

Президент-демократ Джо Байден біраз уақыттан бері екі палатаны Украина мен АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аумағындағы серіктестеріне көмек беруді жылдамдатуға шақырып келеді.

Украина билігі басты одақтасы АҚШ-тан қолдау азайған тұста қару-жарақ жетпей жатқанын бірнеше рет мәлімдеген.

Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 13 ақпанда АҚШ сенатының бұл заң жобасын мақұлдағанына алғыс айтты. Құжатта Киевке 61 млрд доллар беру қарастырылған.

"Американың көмегі Украинаны бейбіт өмірге жақындатып, әлемдік тұрақтылықты қалпына келтіреді. Бұл – америкалықтардың да, бүкіл әлемнің де қауіпсіздігіне негіз" деп жазды Зеленский Х желісінде.

Заң жобасына президент Байден қол қоймас бұрын құжатты конгрестің екі палатасы – сенат пен өкілдер палатасы мақұлдауы керек.

Республикалықтар шетелге көмек туралы заң жобасына АҚШ-тың оңтүстік шекарасындағы мигранттар легін тоқтату шарасын енгізу керек деп санайды. Өткен аптада сенаттағы демократтардың лидері Чак Шуммер заң жобасынан шекарадағы қауіпсіздік туралы ережені алып тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG