Қырғызстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі тәуелсіз журналист Әли Ергешов ұсталғанын растады.
Ведомствоның хабарлауынша, милиция оны 13 ақпанда Манас әуежайында адамның бет-жүзін анықтайтын камералардың көмегімен ұстаған.
Милицияның айтуынша, Ергешовті ұстауға Жалалабад қалалық соты санкция берген. Іс 2023 жылы мамырда бұзақылық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іспен байланысты.
Бұған дейін Әли Ергешов Instagram парақшасында өзін құқық қорғау орган қызметкерлері ұстағанын хабарлап, сурет-видео жариялаған. Ол ешқандай заң бұзбағанын айтып, істі кәсіби қызметімен байланыстырған.
Әли Ергешов – YouTube-тағы "Ел білсін" жобасының авторы. Ол қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық жағдай, мемлекеттік мекемелердегі халыққа қызмет көрсету сапасы, сонымен бірге азаматтардың түрлі заңсыздықтар туралы видеоларын жариялайды. Оның 130 мың көрермені бар.
Ақпан айында Қырғызстанда блогер Батмакан Жолболдуева және журналист Ермек Аттокуров бопсалау бабы бойынша күдікке ілініп, ұсталғаны белгілі болған. Кейін Аттокуров үйқамаққа жіберілді. Қаңтар айында Қырғызстанда "Темиров LIVE" жобасының 11 бұрынғы және қазіргі қызметкері ұсталған. Құқық қорғаушылар елдегі сөз бостандығы ахуалына алаңдап отыр.