Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "студенттердің пәктігі" жөнінде мәлімет жазылған жеке деректердің жарияланып кетуіне байланысты түсініктеме берді. Бұл жөнінде ҚазТАГ жазды.
"Мәселеден хабардармыз. Медициналық сипаттағы жеке деректі беру бұл әрине, заңсыздық. Мәселені бақылауға алдық, енді жазалаймыз. Жоғары оқу орнында мұндай фактілердің болғаны өкінішті" деді Саясат Нұрбек сәрсенбі күнгі мәжіліс кулуарында.
Ол жеке деректі қорғау заңына сәйкес, әкімшілік іс қозғалуы мүмкін екенін айтты.
"Жалпы жеке деректерді қорғау туралы заңнамамен деректерді қатаңырақ реттеу керек. Жалпы бұл мәдени мәселе. Жеке куәліктерді жібере береміз – бұл мәдениет мәселесі" деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің топ старосталарының чатына 200-ге жуық студенттің жеке дерегі жазылған құжат жіберілгені хабарланған еді. Онда студенттердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірлерінен басқа гинекологиялық деректер (оның ішінде студенттердің пәктігі жөнінде мәлімет те бар) болған. Кейін бұл дерек мессенжерлерде тараған.
Университет өкілдерінің жазбаша жауабын жариялаған Qumash телеграм-арнасы оқу орны "студенттердің пәктігі туралы мәлімет не үшін керек болды?" деген сұрақты жауапсыз қалдырғанын жазды.
"Университетке медициналық қызмет көрсететін Smart Health University ЖШС 2024 жылы 6 ақпанда "WhatsApp мессенжері арқылы флюрографиядан өтпеген механика-математика факультетінің студенттерінің тізімі жазылған құжаттарды Excel форматы арқылы жіберген. Алайда құжаттарда студенттердің аты-жөні туралы ақпараттан бөлек, дәрігерлік құпия саналатын мәліметтер де болған. Ізінше дәрігерлік құпия саналатын мәліметтер мен деректер мессенжерлер арқылы таралған. Бұл факт бойынша 2024 жылы 14 ақпанда қызметтік тексеріс тағайындалды және студенттердің құқықтарын қамтамасыз ету үшін Алматы қалалық прокуратурасына жөнелтілді" деп жазылған Qumash арнасы жариялаған университет жауабында.
14 ақпанда Азаттыққа жауап берген университет өкілі "кінәлі адам табылды, байқамай басып жіберген, сол кісі жауап береді. Медициналық орталық қызметкері таблица емес, тек аты-жөнін тарату керек болған" деді.
Ол "студенттердің шағым түспегенін" де жеткізді. "Гинекологиялық мәлімет не үшін керек болды?" деген сұраққа ол:
"Бұл ақпарат қыздардың емделуі үшін керек, ол әркімнің картасында бар. Емделген қыз айына мекемеге көрінеді, анықтама алады ауырып жатырмын деп, оны базаға енгізеді. Қандай аурумен ауырғанын білу үшін керек" деді ол.
Қазақстанда жеке деректердің қорғалмағаны жиі айтылады. Былтыр күзде жергілікті БАҚ телеграм-арналарда азаматтардың мекенжайы, телефон нөмірлері, тіпті жұмыс орны жазылған мәліметтерді айтып беретін боттар пайда болғаны хабарланды. Оқиғаға түсініктеме берген цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі "жеке деректер Telegram, Facebook, WhatsApp, Одноклассники сияқты онлайн-платформалардан жинақталғанын, аталған мәселе жалпы бақылауда" екенін айтқан.
2023 жылы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Аталған заңға алғаш рет "дербес деректер қауіпсіздігін бұзу" ұғымы енгізіліп отыр. Заң жеке куәліктің қағаз көшірмесін жинақтауға, өңдеуге тыйым салады.
ПІКІРЛЕР