Accessibility links

"Төрт рет рұқсат бермеді". Фембелсенділер Досаевтың "митинг өткізуге ескерту жібермеді" деген сөзіне жауап берді


Әйелдер құқығына қатысты митинг. Алматы, 8 наурыз 2022 жыл.
Әйелдер құқығына қатысты митинг. Алматы, 8 наурыз 2022 жыл.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуде әкімдік 8 наурызда әйелдер маршын өткізуге рұқсат бермеген шешімін өзгертпейді деп мәлімдеді. Бұл туралы BES.media сайты хабарлады.

"2021 жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Бұл – бір. Екіншіден, митинг өткізуге ешкім өтініш бермеді, тек марш туралы айтылды. Заңда көрсетілген ереже бойынша жауап берілді, түсініктеме бар" деді Досаев BES.media.

Әкім марш өткізуге рұқсат беру қала әкімдігінің құзырында қала беретінін айтқан.

"Қоғамдық даму басқармасы келтірген негіздемелер сол күйі қалады және өзгермейді" деді Досаев.

8 наурызда әйелдер құқығын қолдау бойынша өтетін бейбіт жиынды ұйымдастырғысы келетіндер "Досаев өзі басқаратын ведомствоның жұмысымен таныс емес екенін" көрсетті деп санайды.

"Ұйымдастырушылар төрт рет маршты демонстрация және митинг ретінде өткізу туралы әкімдікке қайырылған. 4 раундтың ішінде, яғни, былтырғы наурыздан бері он рет ескерту хатын тапсырдық. Бас тартқан хаттардың бәріне Досаев қол қойған. Біз қазір 8 наурызда марш я митинг өткізуді талап етіп пикетке шығып жүрміз. Біз құқығымызды қорғап қалуымыз керек" деді құқық қорғаушы, марш ұйымдастыру комитетінің мүшесі Татьяна Чернобиль Азаттыққа.

Оның сөзінше, ұйымдастырушылар әкімдікке митинг өткізу бойынша тағы ескерту хат тапсырған.

Әйелдер маршын ұйымдастырушылардың бірі Әйгерім Құсайынқызы Алматы әкімінің сөзіне қатысты "шынымен 2021 жылдан бері көп жайт өзгергенін, сөз бостандығы мен бейбіт митингіге шығу құқығы тарылғанын" айтады.

"8 наурызда феминистерге қайтарып берсін, біз ешкімге ешқандай қауіп төндірмейміз" деді ол.

Әйелдер құқығын қолдап жүрген белсенділер 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні марш ұйымдастыруға талпынып жүр. Биылғы марштың тақырыбын "Қазақстан әйелдерінің бостандығы мен еркіндігі" деп алған. Белсенділер марш ұйымдастыру үшін әкімдікке бірнеше рет ескерту хат тапсырғанымен, жергілікті билік рұқсат бермеген. Ұйымдастырушылардың сотқа шағымынан да нәтиже шықпады.

Феминист белсенділер 2024 жылдың басынан пикетке шығып, маршқа рұқсат беруді талап етіп келеді.

Алматы әкімдігі белсенділерге 2021 жылы әйелдер маршын ұйымдастыруға рұқсат берген. Былтырдан бері әкімдік "қоғамға қауіп төндіруі мүмкін" деп маршқа рұқсат етпей келеді. Алматы билігі нақты қандай қауіп екенін ашып айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG