Accessibility links

Кирби: Авдеевка жақын арада Ресейдің бақылауына өтуі мүмкін


Ресей әскері басып алуға күш салып жатқан Украинаның Донецк облысындағы Авдеевкада жағдай күрделі, қала Ресейдің бақылауына өтуі мүмкін. Бұл жөнінде бейсенбі күні Вашингтонда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі кеңес кезінде стратегиялық коммуникация жөніндегі үйлестіруші Джон Кирби мәлімдеді.

Бұған дейін The Washington Post басылымы украин әскеріне сүйене отырып, Украинаның қарулы күштері өз әскерін қаладан біртіндеп әкете бастағанын жазған. Басылымға сұхбат берген әскери қызметкерлер "Авдеевкадан айырылу" тек "уақыт шаруасы" деп жауап берген. Украина әскерінің қаладағы соңғы бекінісі кокс химиялық зауыты болуы ықтимал.

Ресейлік телеграм-арналар украин әскері қаладағы бірқатар нысандардан айырылғанын жазды. Ресей әскері Авдеевкаға басты кіреберіс жол мен "Зенит" деген атпен белгілі әуе қорғаныс жүйесінің бір бөлігін басып алған.

Украинаның DeepState OSINT-жобасы Ресей әскері Авдеевканың солтүстігі мен оңтүстігінде алға жылжығанын жазды.

Бұған дейін қалада жағдай күрделі екенін Украина қарулы күштерінің үшінші жеке штурмдық бригадасы да хабарлаған.

Украинаның қарулы күштерінің бас штабы Ресей әскері "Авдеевканы қоршауға мүмкіндік бермей отырғанын", ал украин әскері "қорғанысты сақтап, оларға едәуір шығын келтіріп жатқанын" мәлімдеген. Украинаның "Таврия" қолбасшылығының өкілі Дмитрий Лиховый украин әскері қаланың бір бөлігінде "тиімдірек позицияға" көшіп жатқанын, кейбір бөлігінде орыс әскерінің шабуылына тойтарыс беріп жатқанын айтты.

  • Ресей әскері 2023 жылы қазан айында Донецк облысындағы Авдеевка қаласын басып алуға ұмтылған. Бүкіл облысты басып алу – әртүрлі дереккөздерге сүйенсек, Ресей президенті Владимир Путиннің қол астындағылардың алдына қойған мақсаттарының бірі.
XS
SM
MD
LG