Accessibility links

Ақтөбеде тұрғындар жарықтың қымбаттауына байланысты жария тыңдаудан шығып кетті


Ақтөбе тұрғындары электр энергиясының қымбаттағанынаа наразылық білдіріп тұр. 16 ақпан 2024 жыл.
Ақтөбе тұрғындары электр энергиясының қымбаттағанынаа наразылық білдіріп тұр. 16 ақпан 2024 жыл.

16 ақпанда "Актобеэнергоснаб" мекемесі тұтынушыларға наурыздан бастап электр энергиясы қымбаттауына байланысты жария тыңдау өткізбек болған. Бірақ электр энергиясының қымбаттауына қарсы болған тұрғындар жария тыңдаудан наразылық білдіріп шығып кетті. Жұрт "жария тыңдау өткен жоқ деп саналсын!" деді.

Бұған дейін Ақтөбеде 1 наурыздан бастап электр энергиясы 38,8 пайызға қымбаттауы мүмкін екені айтылған.

Ақтөбе тұрғындары қазір электр энергиясының әр киловаты үшін 13,29 теңгеден төлеп отыр. Жарық қымбаттаған жағдайда әр киловат бағасы 21,07 теңге болады. Бұл – қосымша құн салығын есептемегендегі баға. Заңды тұлғаларға бекітілген тариф жеке тұлғалардан үш есе қымбат. Қазір заңды тұлғалар энергияның әр киловатына 47,45 теңгеден төлеп отырса, наурыздан бастап жарық бағасы 52,06 теңге болуы мүмкін.

"Актобеэнергоснаб" мекемесінің акт залында өткен жария тыңдауға жүзден астам абонент жиналды. Соның бірі Гүлзия Мағауина "Тереңсай" саяжай ұжымының төрайымы ретінде келген.

- Саяжайдағы 400-ге жуық учаскенің 311-інде адамдар қысы-жазы тұрады. Бізге бекітілген тариф қалаға қарағанда қымбаттау. Саяжайда тұратындар тарифі – 14,88 теңге. Бірақ саяжайлардағы электр желісі қаланың балансына алынбаған. Сондықтан желі күтімі саяжай тұрғындарының мойнында. Желі мен трансформаторларды жөндеу, тб қосымша шығындарды есепке ала отыра саяжай тұрғындары қазір жарықтың әр киловатына 18,50 теңгеден төлеп отыр. Тағы қымбаттайтын болса, кемінде 25-26 теңге болады. Біз бұған қарсымыз! - дейді Гүлзия Мағауина.

Жарықтың қымбаттауына заңды тұлғалар да қарсылық білдірді. Жиналған жұрт "Актобеэнергоснаб" мекемесінің "тарифті біз емес, энергетика министрлігіне қарасты қаржы-есеп айырысу орталығы көтермекші" деген уәжін тыңдамастан ашуға басты. "Жарық қымбаттаған жағдайда мемлекет субсидия төлесін" деп талап қойғандар да болды. Энергетиктердің үстінен прокуратураға арыздануды ұсынғандар да бар.

Қымбатшылықтан әбден қажығанын айтқан жұрт "тариф өзгерер болса, митингіге шығамыз" деп айғайлады. Наразы жұрттың 90 пайызға жуығы жария тыңдау болмады деп есептеуді талап етіп, залдан шығып кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG