Ресей әншісі Юрий Шевчук 18 ақпанда Астанада өткізген концертінде "Еркіндік" деп аталатын танымал әнін Алексей Навальныйды еске алуға арнады.
Шевчук әнді орындар алдында залға қарап: "Күн шығады. Ресейліктерге еркіндік туралы айтып жүрген Алексей Навальный өлді. Ол еркіндік туралы айта келе бәріміз шын мәніндегі еркіндікте өмір сүре алатынымызды ұдайы еске салатын. Ол еркіндіксіз сенім – фанатизм, еркіндіксіз еңбек – арзанқол, ауыр құлдық, еркіндіксіз махаббат – деспотия, еркіндіксіз ештеңе болмайды дейтін" деп сөйледі.
Шевчук бұған дейін де Ресей саяси тұтқындарын, соның ішінде Алексей Навальныйды әлденеше рет қолдап сөйлеген.
Ресей Украинаға жаппай басып кірген соң Шевчук Владимир Путинді жұрт алдында сынаған. Осыдан кейін оның Ресейдегі барлық концерті тоқтатылып, "Ресей қарулы күштеріне кір келтіргені үшін" өзіне айыппұл салған.
Қазір сирек те болса шетелде концерт өткізеді. Бірақ өзі Ресейде тұрады.
16 ақпанда Ресей түрмесінде оппозиционер Алексей Навальный өлді. "Тергеу комитеті тексереді" деген желеумен Навальныйдың денесін әзірге туыстарына бермеген. Оппозиционердің жақтастары "Навальныйды өлтірді" деп санайды.
ПІКІРЛЕР