АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы кезіне Қытай мен Үндістан сыртқы істер министрлерімен Ресейдің ғарышқа ядролық қару орналастыру мүмкіндігін талқылаған. Бұл жөнінде The New York Times жазды.
Басылым жазуынша, Блинкен келіссөз кезінде мұндай жоспардан бас тартуға Мәскеуді Пекин мен Дели көндіруге тиістігін мәлімдеген. Блинкеннің сөзінше, ядролық қаруды ғарышта қолдану салдары апатқа соқтыруы мүмкін, оның үстіне тек АҚШ-тың ғана емес, Қытай мен Үндістанның спутниктері де жойылатын болады.
Өткен аптада АҚШ "Ресей спутникке қарсы қару жасаумен айналысып жатыр" деп хабарлаған. БАҚ мұндай қауіп-қатер таяуда ғана белгілі болғанын атап өтті.
The New York Times басылымы сөйлескен мәлімет көзінің айтуынша, Блинкен қандай барлау ақпаратын айтқаны белгісіз.
1967 жылы қабылданған, АҚШ, Ұлыбритания және Совет одағы қол қойған Ғарыш жөніндегі келісім бойынша, жаппай қырып жоятын қару-жарақты Жер орбитасына, Айға немесе өзге де кез келген аспан денесіне және ғарыш кеңістігі станциясында орналастыруға тыйым салынған. Ақ үй өкілі Ресей келісімді бұзатын болса, өзгелер де кіріседі, мысалы Солтүстік Корея белсенеді деп қауіптенеді.
Дегенмен The New York Times АҚШ Ресейдің жаңа қаруын спутникке қарсы технология деп қана атағанына, егжей-тегжейін айтпағанына назар аударған. Ресми тұлғалар Ресей қаруы халыққа тікелей қатер төндірмейді деп есептейді.
Бұған дейін АҚШ конгресі өкілдер палатасының барлау істері бойынша комитетінің басшысы, республикашыл Майк Тёрнер Америка қауіпсіздігіне елеулі қатер туралы ақпаратты жариялау туралы Ақ үйге мәлімдеме жасаған.
Мәскеу әзірге мәселені түсіндірген жоқ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің бұл жөніндегі сұрағына жауап бермеген.
ПІКІРЛЕР