Маңғыстау облысының прокуратурасы "Каспий теңізінің жағасындағы 3,4 мың гектар жер жеке тұлғаға заңсыз берілгені анықталды" деп хабарлады.
Кендірлі құмқайыры деп аталатын бұл учаске - облыстағы ең көрікті жердің бірі, шығанақ оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырымға созылып жатыр.
"Бастапқыда, 2007 жылы жер учаскесі "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 миллиард теңгеге сатылып, кейіннен "Гелиос" ЖШС-не 3,3 миллиард теңгеге қайта сатылғаны анықталды. Аталған жер учаскесі ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ЖАО (жергілікті атқарушы орган - ред.) заңсыз бергені белгілі болды. Жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталды" дейді Маңғыстау облыстық прокуратурасы.
Прокуратура мәліметінше, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылған (Жер кодексінің 43-бабы) және облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берген.
"Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының талаптары толық қанағаттандырылды (заңды күшіне енген жоқ). Бүгінде жер учаскесінің кадастрлық құны 30 миллиард теңгеден асады" деп жазған прокуратура.
Ашық мәліметтерге қарағанда "Гелиос" ЖШС деп аталатын компания Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша елдегі ең бай 10 адамның ішіне кіретін Рашит Сәрсеновтер отбасына тиесілі. "Гелиостың" қазіргі құрылтайшысы Анжела Сергейқызы Сәрсенова деп көрсетіліп тұр. 2023 жылға арналған кase.kz ақпаратына қарағанда аты жөні осымен бірдей адам Рашид Сәрсеновтың "Нұрбанкке" қатысы бар туыстарының қатарында аталған.
ПІКІРЛЕР