Accessibility links

Мәжіліс бала өлтіру және педофилия үшін өмірлік жаза қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Мәжіліс бала өлтіру және педофилия қылмысы үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

“Кәмелетке толмаған не дәрменсіз күйдегі адамды азаптау, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жазаның “бас бостандығын шектеу” балама түрі алынып тасталып, тек бас бостандығынан айыру [қалдырылады]; жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін “өмір бойы бас бостандығынан айыру” жазасы қолданылады” деп мәжілістің баспасөз қызметі бірінші оқылымда мақұлданған нормадан үзінді келтіреді.

Заң жобасы сонымен бірге денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасын қайта қалпына келтіруді ұсынады. Ұрып-соққаны үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.

Заң жобасын талқылау кезінде мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев педофилдерге кастрация жасау жазасын қалдыруды сұрады. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха педофилдерге кастрация жазасын тағайындау азаптау болып саналатынын айтты.

"Қазақстан азаптауға қарсы конвенцияға қол қойған. Менің ойымша, бұл бәрібір азаптау болып саналады. Екіншіден, денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптесім кастрация мәселенің шешімі емес, себебі педофилия – өзге орган емес, бастың мәселесі екенін айтты. Сондықтан оны кешенді түрде – қатысы бар барлық мемлекеттік органдармен бірігіп шешу керек" деді вице-министр.

Өткен аптада мәжіліс "кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы құқық бұзушылықтар үшін сотталған" шетел азаматтарының елге кіруін және Қазақстан азаматтығын алуын шектейтін заң жобасын мақұлдаған.

Бұған қоса, елге экстремизм немесе терроризге қатысы бар шетел азаматтарының кіруіне тыйым салынбақ.

XS
SM
MD
LG