Accessibility links

Тоқаев Путинді мақтап, Ресей президентін сайлау нәтижесі қандай болатынына күмән келтірмейтінін айтты


21 ақпанда Татарстан астанасы Қазан қаласында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесті. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. Кездесу Ресейде наурыз ортасында өтетін президент сайлауы қарсаңында болып отыр.

"Бұл жаңа жылдағы біздің алғашқы кездесуіміз, Владимир Владимирович [Путин]. Бәріміз 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Оның ақырғы нәтижесіне күмәніміз жоқ" деді Қазақстан президенті.

Тоқаевтың сөзінше, Ресей Путиннің жетекшілігінде "таңғаларлық табыстарға қол жеткізіп жатыр". Ресей басшысы өзінің мәлімдемелерімен және әрекеттерімен "ғаламдық күн тәртібін" қалыптастырып отыр деді.

Қазақстан президентінің сөзінше, Ресей экономикасы "күрделі жағдайға қарамастан" "ірі табыстарға" қол жеткізген. Кремльдің сайтындағы стенограммада Тоқаевтың 3.5 пайыздық Жалпы ішкі өнім көрсеткішін "таңғаларлық нәтиже" деп атағаны жазылған.

21 ақпанда Қазанда басталған халықаралық "Болашақ ойындары" мультиспорттық турнирді Тоқаев келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды, деп жазды Ақорда.

Ол Путинге Қазанға шақырғаны үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынас оң бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан мен Ресей басшыларының Қазандағы кездесуі әлем көшбасшылары мен халықаралық ұйымдар түрмедегі ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың өліміне Кремль жауапты екенін мәлімдеген тұста, сонымен бірге саясаткердің өліміне қатысты АҚШ пен ЕО-ның Ресейге қарсы жаңа санкция жариялайын деп отырған шақта өтті.

21 ақпанда Татарстан астанасына Қазақстан басшысымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары да барған.

XS
SM
MD
LG