Accessibility links

Ұлттық пантеон туралы ережеден туыстар туралы пунктіні алып тастау ұсынылды


Ұлттық пантеон макеті.
Ұлттық пантеон макеті.

Үкімет Астанадағы ұлттық пантеон туралы ережеге тағы өзгеріс енгізейін деп жатыр. Ереженің жаңа жобасы нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды.

Жаңа ұсыныс бойынша, ұлттық пантеон аумағында жерлеуге рұқсат етілген адамдар қатарынан президенттердің, мемлекет хатшыларының, Конституциялық кеңес төрағаларының отбасы мүшелері, сонымен бірге "Қазақстанның тұңғыш президенті – ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев" ордені иегерлері алынады.

Қазақстанның бұрынғы президентi орденінің иелерiне қатысты өзгертулер негiздемесiнде "Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы" туралы заңның күші жойылғаны жазылған.

Билік сонымен бірге пантеон аумағында "Ескерткіш тақтасы" атты монументі бар мемориалдық ғимарат пен естелік мұражайын (XX–XXI ғасырлар) салу жоспарынан бас тартайын деп отыр, деп жазды ҚазТАГ сайты.

Жобаны қоғамдық талқылау 3 наурызға дейін жалғасады. Былтыр жергілікті агенттіктер осыған ұқсас премьер-министр қаулысы нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланғанын жазған. Сол кезде пантеонда олардың жұбайлары да жерленуі мүмкін екені жазылған еді.

Астанада ұлттық пантеон құрылысы 2013 жылы басталған. Әкімдік сол кезде ең үздік эскизге байқау жариялаған. Нысан 2020 жылы маусымда пайдалануға берілген. Қазірге дейін онда ондаған адам жерленген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, онда бұрынғы президенттің әйелінің бауыры да жерленген.

Пантеонның аумағы шамамен 4 гектар. Бірқатар қазақстандық БАҚ-тың жазуынша, оның құны шамамен 79 млрд теңге (он жыл бұрынғы бағам бойынша шамамен 235 млн доллар). 2018 жылы әкімдік пантеон құрылысы ықшамдалғанын, жобаның жалпы құны 958,3 млн теңге екенін жазған.

XS
SM
MD
LG