НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Азаттық радиосына берген сұхбатында Украина одақтастарынан F-16 жойғыш ұшақтарын алған кезде өзін қорғауға, соның ішінде Украинадан тыс жердегі Ресейдің әскери нысандарына соққы жасай алады деп мәлімдеді.
Столтенберг Украина F-16 ұшағын қашан қолданатынын нақты айта алмады. Ол "Киевтің барлық одақтасы ұшақтың Украинада мүмкіндігінше ертерек болғанын қалайды" деді.
Столтенбергтің сөзінше, ұшқыштар, техникалық қызмет көрсету экипаждары мен басқа да көмекші қызметкерлердің дайындығы жақсы болса, F-16 әсері күштірек болады.
Меніңше, біз немесе біздің одақтастар F-16 ұшағын Украинаға жіберуді бастағанда я жібергенде ғана әскери сарапшылардың айтқанына құлақ аса аламыз. Жалпы F-16 ұшағын тезірек жіберсек жақсы болады" деді ол.
Қаңтар басында Даниядан Украинаға F-16 ұшақтарын жеткізу бірнеше айға шегерілгені айтылған. Копенгаген 2024 жылдың басында Киевке алты F-16 ұшағын беруді жоспарлаған. Енді Дания бұл ұшақтарды жылдың екінші жартысында жіберуі мүмкін. Бұл туралы Berlingske басылымы елдің қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ресей басқыншылығы басталғалы бері әскери авиациясының едәуір бөлігінен айырылған Украина Батыстағы әріптестерін соңғы үлгідегі жойғыш ұшақтарды мүмкіндігінше жылдам беруге асықтырып келеді. Бұған дейін НАТО құрамындағы Польша мен Словакия Украинаға советтік әскери ұшақтарын берді.
Былтыр шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел – АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Тамыздың басында АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берген. Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген.
ПІКІРЛЕР