АҚШ президенті Джо Байден оппозиционер Алексей Навальныйдың өліміне байланысты жұма күні Ресей басшысы Владимир Путинге санкция салатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде CNN телеарнасы хабарлады.
Байден оппозиционердің өліміне Путин жауапты деді. Америка президенті саясаткердің жесір қалған әйелі Юлия Навальная мен қызы Дарья Навальнаямен кездескеннен кейін осылай деп мәлімдеді.
"Оның әйелі және қызымен кездесу құрметіне ие болдым және ол (Навальный – ред.) адам таңғаларлықтай батыр болған" деді Байден.
АҚШ президенті оппозиционердің жесірімен кездесуден кейін Навальныйдың күрес жолын әйелі жалғастыратынына көзі жеткенін айтты.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси істер жөніндегі орынбасары Виктория Нуланд АҚШ Ресейге қарсы "жойқын" санкция әзірлейтінін мәлімдеген. Оның сөзінше, онда "жүздеген" шектеулер қарастырылған. Нуландтың пікірінше, жаңа санкция бұған дейін салынған санкциялардың "кем-кетігін толтырып", Ресей жағына оларды айналып өтуіне жол бермейді.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген кезде де АҚШ Ресей президенті Владимир Путинге қарсы санкция салған. Шектеулер активтерді бұғаттауға қатысты.
- Навальныйдың түрмеде көз жұмғанын Ресей билігі 16 ақпанда жариялаған. Қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметінің хабарлауынша, ерекше қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеген оппозиционер "күндіз серуеннен кейін көз жұмған". Саясаткер қаза болғанға дейін бірнеше күн бұрын тәртіптік изоляторға 27-рет жөнелтілген.
- Оппозиционердің жақтастары саясаткерді өлтірді деп санайды. Жақындарына Навальныйдың сүйегі әлі берілмеген. Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын айтты.