Accessibility links

Саха республикасының билігі оппозиционерлерді әлеуметтік желіден іздейтін бағдарламаны сатып алады


Саха республикасының билігі интернетте оппозицияны жақтайтын қолданушыларды бақылауға мүмкіндік беретін бағдарлама сатып алмақ. Бағдарламаны сатып алу туралы хабарлама мемлекеттік сатып алу сайтында пайда болды. Келісімшарт бойынша ұсынылған баға – 1,2 млн рубль. Тапсырыс беруші – Якутия ақпараттық коммуникациялық технология республикалық орталығы.

"Сибирь.Реалии" сайтының жазуынша, бағдарлама кешені әлеуметтік желілер мен мессенжерлерден "экстремистік контент" тарататын қолданушыларды тауып, дайындалып жатқан наразылық акциялар мен митингілер жөнінде жедел ақпарат беріп отыруға тиіс. Бұған қоса, бағдарлама "қозғалыстар, деструктивті, радикалды ағымдар мен ұйымдардың белсенділерін" айқындап, олардың өзара байланысын анықтап, олардың жас мөлшері, тұрғылықты мекенжайы және қызметтері бойынша тармақталған ақпарат беруге міндетті.

Келісімшарт қосымшасына сүйенсек, мониторинг "ВКонтакте", LiveJournal және Telegram, онлайн ақпарат құралдарында жүргізілуі керек. "ВКонтакте" желісіне мониторинг жүргізу кезінде ондағы барлық қауымдастық бағдарламалық әдістердің көмегімен оппозициялық және билік жақтастары болып екіге жіктеледі, ал алынған мәлімет арнайы базаға жинақталады. Онлайн-БАҚ та дәл осы әдіспен "сұрыпталады".

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке қарағанда, Телеграм бойынша ақпарат сағат сайын мессенжерлер тобы пен телеграм-арналардан жинақталып, мониторинг жасалуға тиіс. Бұған қоса, бағдарламалар арқылы қолданушылардың аты-жөндері де анықталады.

Мұндай сатып алулар Ресейдің өзге өңірлерінде, мысалы Камчатка және Астрахан, Смоленск облыстарында жүргізілген.

XS
SM
MD
LG