"Медуза" және "Медиазона" журналистері Ресейдің Украинадағы соғысына екі жыл толған шақта Ресей әскерінің шығыны туралы жаңа зерттеу жариялады.
Журналистер өздері әзірлеген әдіс арқылы басқыншылық басталғаннан бастап 2023 жылдың соңына дейін қаза болған ресейлік сарбаздардың санын анықтап көрген. Олар екі жылға жуық уақыт ішінде кемінде 75 мың ресейлік әскери қызметкер қаза болғанын айтады. "Ал адам шығыны бәсеңдеген жоқ" дейді жазба авторлары.
"Бұл нақты сан емес, статистикалық бағалау. Кейде ол өзге жайттармен қатар кездейсоқтыққа да тәуелді. Яғни, нақты жағдайда ең ықтимал мән – 66 мен 88 мың арасында" деп жазылған мәтінде.
Зерттеу авторларының айтуынша, майдан сызығы былтырдан бері өзгермегенмен адам шығыны қысқармаған – керісінше айтарлықтай өскен.
"Егер 2022 жылы шамамен 24 мың адам қаза болса, 2023 жылы ол үш есеге артқан, яғни 50 мыңға жеткен. 2023 жылы қаңтар-наурызда Бахмут үшін соғыста адам шығыны көп болған" деп тұжырымдайды екі басылымның зерттеушілері.
Зерттеуде сонымен бірге қаза болғандардың үштен бірі мобилизация арқылы алынғандар екені айтылған. Олардың саны шамамен 16 мыңнан басталып, 75 мыңға жетеді.
- BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" Ресей Украинаға басып кіргелі бері қаза болған ресейлік әскери қызметкерлерге есеп жүргізіп келеді. Қазір олардың тізіміндегі адамдар саны 44,6 мыңнан асты. Олар тек ашық дереккөздерге ғана сүйеніп жатыр: ресми құжаттар, шенеуніктер ақпараты, БАҚ материалдары, марқұмдардың жақындарының жазғандары, зираттағы деректер. Журналистер бұл мәлімет толық емес екенін ескертеді. Тізімге аты-жөні мен көмілген орны анықталған азаматтар ғана енген.
- Ресей мен Украина соғыста қанша адамынан айырылғанын жасырады. Екі тарап өздерінің жетістіктерін асыра көрсетіп, сәтсіздіктерін азайтып көрсетуге бейіл.