Accessibility links

24 ақпанда Ресей аумағында түрлі акциялар кезінде 40-тан астам адам ұсталды


Ресей басқыншылығын айыптаған акция кезінде көтерілген Владимир Путин мен Адольф Гитлердің суреті бар плакат. Будапешт, 24 ақпан 2024 жыл.
Ресей басқыншылығын айыптаған акция кезінде көтерілген Владимир Путин мен Адольф Гитлердің суреті бар плакат. Будапешт, 24 ақпан 2024 жыл.

24 ақпанда – Ресейдің Украинаға басып кіргеніне екі жыл толған күні және Алексей Навальныйдың қазасынан бері 9 күн өткен кезде Ресейдің түрлі аймағында еске алу шаралары өтті. 24 ақпанда кешке қарай түрлі акциялар кезінде кемінде 49 адам ұсталғаны белгілі болды. Бұл жөнінде "ОВД-Инфо" құқық қорғау жобасы хабарлады.

Күштік құрылым өкілдері Екатеринбург, Қазан, Курск, Мәскеу, Мурманск, Новосибирск, Санкт-Петербург, Уфа және өзге қаладарда ондаған адамды ұстаған. Ең көп адам – 13 адам Мәскеуде ұсталған. 9 адамның телефоны тартып алынған, 8 адамға хаттама толтырылып, босатылған. Бес адам полицияда түнеген. Үш адамға ескерту берілген.

49 адамның 38-і Навальныйды еске алу шарасында, алтауы – соғысқа қарсы акцияда, төрт адам мобилизацияға ұшырағандардың әйелдерінің акциясы кезінде ұсталған. Бір адам азаптауға қарсы жалғыз адамдық пикеттен әкетілген.

16 ақпанда қылмыстық жазаны орындау федералдық қызметі оппозициялық саясаткер Алексей Навальный түрмеде көз жұмғанын хабарлады. Осыдан кейін Ресейде және одан тыс аумақта жұрт еске алу шараларын өткізіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарына гүл қойды. "ОВД-Инфо" мәліметінше, 16-19 ақпанда Ресейде кемінде 400 адам ұсталды.

Күштік құрылым өкілдері ұсталғандардың кейбірін азаптаған. Сургутта полиция "ұсталғандардың бірінің басынан ұрып, тапанша тақап, еденге жатқызған, қолын артқа қайырып, гүлді не үшін әкелгенін түсіндіруді талап еткен. Кейін хаттамасыз жібере салған" деп хабарлады "ОВД-Инфо" баспасөз хатшысы Дмитрий Анисимов.

XS
SM
MD
LG