Accessibility links

Жанна Немцова: Украинаны қолдау Навальныйды өлтіргені үшін жауап болмақ


Жанна Немцова Ресейде атып өлтірілген әкесі Борис Немцовтың өліміне қатысты тыңдауда отыр. Капитолий, 28 ақпан 2018 жыл.
Жанна Немцова Ресейде атып өлтірілген әкесі Борис Немцовтың өліміне қатысты тыңдауда отыр. Капитолий, 28 ақпан 2018 жыл.

Украинаны қолдау Навальныйды өлтіргені үшін жауап болмақ. "Настоящее Время" телеарнасына берген сұхбатында журналист Жанна Немцова осылай деп мәлімдеді. Ол – 9 жыл бұрын Мәскеуде өлтірілген оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың қызы.

"Соғыс созылып кетті, майданда жағдай мәз емес, менің ойымша, қазір Украинаға әскери-экономикалық және гуманитарлық көмекті үзбеу керек. Украина соғыста жеңілмеуге тиіс" деді журналист. Ол сонымен бірге соғысты қолдайтындарға санкция салу керектігін айтты.

Немцованың ойынша, Ресей президенті Владимир Путинге тағы да мобилизация жариялау "қиынға соқпақ". Ал оны жариялауға мәжбүрлеу үшін Украинаға көмектесу керек. Мобилизация Ресей халқына тіке әсер ететін нәрсе.

Немцова сонымен бірге қатаң режимдегі түрмеде Навальныйдың көз жұмуына қатысты пікірін айтты. Ол саясаткерді өлтіріп тастаған деп санайды, ал сайлау алдында оны жерлеу рәсіміне жүздеген мың адам жиылуы мүмкін болғандықтан билік саясаткердің денесін бермей отыр (саясаткердің денесін тек 24 ақпанда ғана, яғни саясаткер өлгеннен кейін 8 күннен кейін туыстарына берген – ред.) деп есептейді.

"Владимир Путин тірі Навальныйдан қалай қорықса, өлі Навальныйдан да солай қорқатын сияқты" деді Немцова.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный 16 ақпанда "Полярный волк" қатаң режимдегі колонияда көз жұмды. Оның қазасына қатысты берілген анықтамада саясаткер "табиғи себептерден қайтыс болғаны" жазылған. Саясаткер қаза болғанға дейін бірнеше күн бұрын тәртіптік изоляторға 27-рет жөнелтілген. Оппозиционердің жақтастары саясаткерді өлтірді деп санайды. Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын мәлімдеді.

Борис Немцовты 2015 жылы 27 ақпанда кешке Кремль маңындағы көпірде атып кеткен. Сот бес шешен азаматын ұзақ мерзімге соттады, арасында күштік құрылым офицерлері де бар. Бұлар: Заур Дадаев (ол тапсырысты орындаушы ретінде танылды), ағайынды Анзор және Шадид Губашевтар, сонымен бірге Темірлан Әскерханов және Хамзат Бахаев. Тапсырыс беруші әлі күнге дейін анықталған жоқ. Жақтастары мен туыстары Немцовтың өліміне қатысты тергеу амалдарын сынаған, көбі саясаткердің қазасына Шешенстан және Ресей билігінің қатысы барына сенімді.

XS
SM
MD
LG