Accessibility links

Журналист Лұқпан Ахмедияров Қаңтар оқиғасы туралы деректі фильм түсірді


 Қаңтар оқиғасы кезінде отқа оранған Алматы әкімдігі.
Қаңтар оқиғасы кезінде отқа оранған Алматы әкімдігі.

Тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров әріптесі Рауль Упоровпен бірге Қанды Қаңтар туралы деректі фильм түсірді. Бұл жөнінде Ахмедияров Instagram парақшасында хабарлады.

"Бұл фильмді екі жыл бойы, Қазақстанның 12 қаласында түсірдік. Полиция мен әскерилер адамдарға оқ атқан елді мекендердің барлығында болдық. Аяғында 4 сағаттық фильм шықты" деп жазды журналист.

Оның сөзінше, "Қаңтар" фильмі екі бөлімнен тұрады және ол жеке адамдардың ақшасына түсірілген.

Екі сағаттан астам уақытқа созылатын фильмнің алғашқы бөлігінде халық наразылығынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы адамдар биліктен қалай шеттетілгені баяндалады. Екінші бөлігінде Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен халық және "жаңа президенттің билікке түбегейлі түрде жайғасуының" салдары жөнінде айтылады.

Фильм "Просто журналистика" YouTube-арнасында жарияланған.

Қаңтар оқиғасы туралы бұған дейін мемлекеттік БАҚ-тар бірнеше фильм түсірген. Дүрбелеңнен соң іле-шала «Хабар» арнасы «Трагический январь. Как это было» атты деректі фильм жариялап, «Қаңтар оқиғасы бір орталықтан үйлестірілген террористердің әрекеті» деп сипаттаған.

Азаттық Қаңтар оқиғасының барысы, оқиғадан соң қудаланғандар, абақтыдағы азаптау, жақынынан айырылғандардың мұң-зары, соттан әділдік сұрағандардың жанайқайы жайлы жиі жазып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG