Accessibility links

Головкин Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті болды


Геннадий Головкин
Геннадий Головкин

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті кәсіпқой бокшы Геннадий Головкин болды. Бұл ақпаратты 26 ақпанда ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бері өзі басқарып келе жатқан ұлттық олимпиада комитеті президенттігінен кететінін хабарлады.

"Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің жоғарғы органы - бас ассамблея отырысында Головкиннің кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты" деп жазады "Казинформ" агенттігі. Отырысқа олимпиадалық спорт түрлері бойынша 35 ұлттық спорт федерациясының өкілдері мен Қазақстан ұлттық олимпиада спортшылары комиссиясының екі өкілі қатысқан. Мұнан өзге ұйымның атқарушы комитеті мен лауазымды қызметкерлері сайланған.

Головкин сөзінде "алдағы атқарар негізгі жұмыстарының бірі - халықаралық спорт ұйымдарымен қатынасты нығайту" деп көрсеткен. Ол өзінің саясаткер де, шенеунік те емес екенін, "өз ісін сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенін" айтқан.

Құлыбаевтың орнына Геннадий Головкин келетіні туралы жергілікті БАҚ ақпанның бас кезінде-ақ ақпарат тарата бастаған еді.

Геннадий Головкин — 2004 жылы Афины олимпиадасында күміс жүлде алған, кәсіпқой бокста чемпиондық дәрежеге жетіп, онысын бірнеше жыл қорғап қалған Қазақстанның атақты боксшысы. Биыл сәуірде 42 жасқа толады. Соңғы рет 2022 жылы Лас-Вегаста Мексика боксшысы Сауль Альвареспен реванш жекпе-жекке шығып, ұпай санымен жеңілген.

Тимур Құлыбаев Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің басшылығына 2015 жылы келген. Топ-бизнесмен Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динараның күйеуі. Forbes бағасы бойынша, ерлі-зайыптының байлығы сегіз миллиард доллардан асады.

Биыл қаңтарда парламент мәжілісінің депутаты Ермұрат Бәпи ұлттық олимпиада комитетінің басшылығын төңірегіне "ескі Қазақстан өкілдерін, құда-жекжат, таныстарын жинап алған" деп сынаған еді. Депутат "спорттағы жемқорлықты" жоюға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG