Accessibility links

Қансырап жатқан қыздың қоңырауын "тентектік" деп бағалап, дер кезінде көмектеспеген желі операторының бостандығы шектелді


28 ақпан күні Ақтөбе соты 112 қызметінің бұрынғы операторы Абылайхан Бержановтың бас бостандығын алты айға шектеді. Ол қылмыскердің шабуылынан соң өз үйінде қансырап жатқан қыздың қоңырауын «баланың тентектігі» деп бағалап, дер кезінде көмек жібермеген деп айтылады.

Тергеу Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Абылайхан Бержановқа «салғырттық» бабымен айып таққан. Іс материалдарына қарағанда, Бержанов былтыр 29 наурыз таң алдында 112 нөміріне түскен қоңырауға мән бермеген. Өзінің түсіндіруінше, "баланың тентектігі" деп ойлап, тұтқаны екі рет қойып тастаған. Қансырап жатқан қыз үшінші рет хабарласқан соң ғана жедел жәрдем жіберген. 112-ге түскен бірінші қоңырау мен жедел жәрдем жеткенге дейінгі аралықта бір сағат уақыт өтіп кеткен.

Сейсенбі күні сот алдында соңғы сөзін айтқан Абылайхан Бержанов өзін ақтауды сұрады. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Судья Ахметқали Молдағалиев сотталушы өзінің функционалдық міндетін дұрыс атқармаған деп санайды. Бержановтың салғырттығынан 13 жастағы қыз балаға бір сағат бойы көмек көрсетілмеген, 25-35 пайыз қан жоғалтқан. Үшінші деңгейлі шок алған. Ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Оқиға болған күні әлсін-әлсін есінен танып жатқан София 112-ге үшінші рет хабарласып, анасы мен ағасының мерт болғанын, өзінің жаралы екенін айтқан.

Бұл оқиға былтыр наурыз айында Ақтөбенің «Тұрғындар қалашығы» деп аталатын ауданында болған. Тергеу мәліметінше, таң алдында терезеден кірген адам 35 жастағы Екатерина Гетина мен оның 16 жастағы ұлы Вадим Гетинді пышақтап өлтіріп, 13 жастағы қызы Софияны ауыр жаралаған.

Жетім қалған қыз бала қазір нағашы әжесінің тәрбиесінде. Софияның нағашы апайы Евгения Кайрис Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында «баланың психологиясына орасан нұқсан келген, әлі де оңала алмай жүр» деді. Жәбірленуші тарап балаға дер кезінде көмек жібермеген 112 операторынан 5 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Сот бүгін Евгения Кайристің талабын ішінара қанағаттандырып, Абылайхан Бержановтан 1 млн теңге моралдық шығын өндіруге үкім етті. Жәбірленуші тарап сот үкіміне риза.

Сот үкімімен бас бостандығы 6 айға шектелген Абылайхан Бержанов сұқбаттан бас тартты. Өзін фото мен видеоға түсіруге де қарсы болды. Сотталушының адвокаты Заур Мамедов үкіммен келіспейтінін, апелляция алқасына шағымданатынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG