Accessibility links

Мәжіліс Илон Масктің компаниясының Starlink интернетін пайдалануды заңдастырды


Қазақстан парламентінің төменгі палатасы “Байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша бірқатар заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу” туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат Илон Масктің SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернетін пайдалануға рұқсат береді. Тиісті заң сенатқа жөнелтілді. Бұл жөнінде Informburo хабарлады.

Құжат “байланыс, цифрландыру нарығын дамыту және инвестициялық климатты жақсарту” мақсатында әзірленген деп айтылады.

Заң 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін геостационарлық емес спутниктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізуді арнайы реттеуді қарастырады. Пилоттық жобаның құқықтық және техникалық режимін цифрлық даму министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтайды.

Басылымның жазуынша, Starlink шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етпек.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл заң жобасы "спутниктік интернет қызметін пайдалануды құқықтық реттеу" тұрғысынан маңызды, себебі "нарықта осыған ұқсас технологияны ұсынып жатқан өзге де шетел компаниялары" барын айтқан.

Құжат бұған қоса, бірқатар өзгертулерді қарастырады, атап айтқанда:

  • бас жоспарға коммуникация инфрақұрылымы үшін орындарды енгізу;
  • байланыс қажеттіліктеріне аумақтарды сақтау;
  • виртуалды байланыс операторларының құқықтық мәртебесін енгізу;
  • ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарындағы байланыс қызметі үшін субсидия беру;
  • жергілікті органдарды байланыс инфрақұрылымы саласында қосымша өкілет беру;

Америкалық кәсіпкер Илон Масктің SpaceX компаниясының спутниктік интернеті көптеген елдерде істеп жатыр.

SpaceX компаниясының Starlink ғаламдық жүйесі шалғай елдімекендерді, ашық теңіздегі кемелерді интернетпен қамтамасыз ету үшін және автократ режиміндегі елдерде ақпарат цензурасыз таралуы үшін құрылған. Осы мақсатта SpaceX Жер орбитасына шамамен 2300 спутнигін ұшырған. Желінің қызметін қолдану үшін станциядан бөлек терминал керек.

Былтыр күзде Илон Масктің биографиясы туралы кітап жарыққа шыққаннан кейін кәсіпкерді Мәскеу аннексиялаған Қырымда Starlink-ті қосу туралы украин үкіметінің өтінішін орындамай отырғаны үшін сынаған. Украина жағы Қара теңіздегі Ресей флотына щабуылдау үшін Starlink-ті қолданғысы келген. Масктің түсіндіруінше, Starlink Қырымда қосылса, бұл АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясына қайшы болар еді. Ол Ақ үйден тікелей өтініш түссе ғана Starlink-ті түбекте қосуға дайын екенін мәлімдеген.

Starlink спутниктік байланыс жүйесін украин әскері Ресей басқыншылығы басталғалы бері түрлі мақсаттарға (өзара байланысу үшін де қолданады) пайдаланып келеді. Байланыс желісі Украинаны арнайы келісімшарт және жеке донорлардың көмегімен байланыспен қамтамасыз етіп келеді.

XS
SM
MD
LG