Accessibility links

ТЖМ: Алматыдағы жер сілкінісінде дұрыс жұмыс істемеген 14 қызметкер жазаланды


Алматыда жер сілкінісінен соң сыртта тұрған адамдар. 23 қаңтар 2024 жыл
Алматыда жер сілкінісінен соң сыртта тұрған адамдар. 23 қаңтар 2024 жыл

Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматының төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері Алматыдағы жер сілкінісі кезінде дұрыс жұмыс істемегені үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы ТЖМ сілтеме жасап жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

"Алматыдағы жер сілкінісі кезінде бөлімшелердің тиісті әрекет етпеу фактісі бойынша ТЖМ жүргізген қызметтік тексеріс нәтижесінде 14 қызметкерге қатаң шара қолданылды. Жазалғанғандардың қатарында министрліктегі төрт басшы мен олардың бес орынбасары, ведомствоға қарасты ұйымның бір басшысы, аумақтық бөлімшенің басшысы мен оның орынбасары бар" деп мәлімдеді министрлік.

Жауапқа тартылғандардың аты-жөні жарияланбады.

23 қаңтарда түнде Алматыда 5 балл жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан. Кейбірі жылы киім киіп те үлгермеген. Жер дүмпуінен қорыққан халық қаладан шығып кетуге тырысып, көшелерде кептеліс болды. Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы "70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінгенін" хабарлаған.

Халық жер сілкінісі кезінде әкімдік пен төтенше жағдай департаментінен ерте ескерту келмегенін, дабыл қағылмағанын айтып, билік жұмысына сын айтқан. Алматылықтар жер сілкінісінен кейін екі сағаттай уақыт өткенде ғана хабарлама алған еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деген. Жиында президент төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа қайырылып, жұмысының нәтижесі әлі көрінбей жатқанын айтқан еді. Кейін үкімет тарап, Шәріпханов жаңа министрлер кабинетіне енбей қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG