Мойындалмаған Приднестровье аймағының билігі "батысшыл" Молдова үкіметінің тарапынан қысым үдегенін айтып, Ресейден көмек сұрады. Ал Приднестровьені сепаратистік аймақ деп санайтын Молдова билігі мұны "алаяқтық" деп бағалады.
Приднестровье билігі қаңтар басында күшіне енген молдовалық жаңа Кеден кодексіне наразы. Сол кезде Кишинев Приднестровьеге экспортталатын тауарларға баж салығын енгізген. Қазіргі кезде Приднестровьеде Кишинев бақылауындағы аумақ арқылы ғана тауар тасымалдау мүмкіндігі бар. Сепаратистер Молдова үкіметінің әрекетін "экономикалық соғысқа" теліген. Приднестровье билігі бұған қоса, молдовалық Қылмыстық кодекске енген түзетулерді де сынап жатыр. Онда "сепаратизм" бабы да бар.
28 ақпанда мойындалмаған аймақ билігінің жергілікті депутаттары тиісті декларация қабылдады. Декларацияда БҰҰ, ТМД, ЕҚЫҰ, Еуропарламент және өзге де ұйымдарға бағытталған үндеу бар. Онда үндеу авторлары аталған елдер мен ұйымдарды Кишинев пен Тираспольдағы Приднестровье билігі арасында жағдай ушығып кетуіне жол бермеуге щақырған.
Приднестровьені сепаратистік аймақ деп санайтын Молдова билігі жергілікті депутаттардың съезін "алаяқтық" деп атады.
Ақпарат құралдарының жазуынша, депутаттар съезі соңғы 18 жылда алғаш рет өткен. Жуырда Приднестровьені Ресейдің құрамына қосу туралы үндеу әзірленіп жатқаны жөнінде сыбыс тараған. Алайда жергілікті билік мұны терістеген.
Сәрсенбі күні Молдова үкіметі съезде айтылған "пропагандалық мәлімдемені" айыптады. Молдованың реинтеграция жөніндегі вице-премьері Олег Серебрян телеграмда Приднестровье аймағы "Еуроодақпен бейбітшілік, қауіпсіздік және экономикалық интеграция саясатынан ұтып жатыр" деді.
Азаттықтың Молдова қызметіне берген сұхбатында резолюцияға пікірін білдірген Молдова президенті Майя Санду Кишинев тоқтап қалған Приднестровье қақтығысын аймақты экономикалық реинтеграциялау арқылы бейбіт түрде шешуге дайын деген.
Молдованың ице-премьері Олег Серебрян бұған дейін Кишинев "Тираспольды біртіндеп құқықтық шеңберге қайтару" арқылы қақтығысты шешуге болатынын айтқан. Оның пікірінше, мәселенің жалғыз шешімі осы.
- Приднестровье – Кишиневке бағынбайтын халқының басым бөлігі орыстардан құралған Молдова аумағындағы жер. СССР құлаған кезде Молдова билігі мен Приднестровье жетекшілері арасында бірқатар саяси мәселелерге қатысты қайшылық туындаған, арасында Молдова тілі мәселесі де бар.
- 1992 жылы аймақта қарулы қақтығыс болып, мыңнан астам адам қаза болды, екі мыңға жуық адам жараланды. Аймаққа Ресей әскері кірді. Сол кезден бастап қақтығыс шешілмеген күйі тоқтап қалды. Приднестровьеде 1.5 мың Ресей әскері бар. Аймақта сепаратистер Приднестровье Молдова республикасын жариялап алған. Кишинев Ресей әскерінің Приднестровьеге кіруін заңсыз санайды және Мәскеуден әкетуді талап еткен. Мәскеу талапты орындамады.
- Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Приднестровьеде жағдай ушығып кетті. Жергілікті билік Украина жағы теракт ұйымдастырмақ болды деп мәлімдеген. Ал Украина жағдайды Ресей арандатып отыр деп Мәскеуді кінәлаған. Ресей орыстілді халықты қорғау керектігін сылтауратып, аймақты басып алады деген қауіп айтылған.
ПІКІРЛЕР